Мұстафа Шентоп: Парламенттік дипломатияның маңыздылығын ұмытпау керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесінде Түркия Республикасының Ұлы Ұлттық Жиналысының спикері Мұстафа Шентоп парламенттік дипломатияны дамыту тақырыбын көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы Анталияда Еуразия елдері парламенттері төрағаларының үшінші кеңесін өткізген болатынбыз. Әр саммит сайын қатысушылар санының артуы мен талқыланатын тақырыптың ауқымы қуантып отыр. Атап айтқанда, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа маңызды бастамалары мен ұсыныстары үшін алғысымызды айтқымыз келеді», - деді М. Шентоп.

Осы орайда ол әлемде қордаланған мәселелерді шешу үшін келіссөздер жүргізу бастамасына айрықша екпін қойды.

«Соңғы жылдары әлемде проблемаларды шешуде парламенттік дипломатия жаңа элементке айналып отыр. Менің ойымша, осы бағыттағы қадамдар өзара диалогты нығайтуға тың серпін береді деп ойлаймын. Сондықтан парламенттік дипломатияның ішкі және сыртқы саясатта маңызды рөл атқарып келеді. Еуразия континентінде күрделі мәселелерді талқылауда парламенттік дипломатияны белсендірек пайдалануымыз керек. Маңызды шешімдер жасау орталығы Еуропадан Азияға қарай ойысып келе жатқан осы кезеңде біз жаңа жобаларды пысықтауымыз қажет», - деді Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының спикері.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбында Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесі жұмысын бастады.



Соңғы жаңалықтар