Мұстафа Нұрланұлы - Моңғолияда Мемлекеттік лашын атағын иеленген палуан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тағы бір Мұстафа - шеттегі қазақтардың абыройын асқақтатты.

Қазақ палуаны Мұстафа Нұрланұлы жақында Моңғолияда дәстүрлі түрде өткен аламан додада Мемлекеттік лашын дәрежесін иеленді. Ол палуандар сайысының бірінші кезеңінде жас палуан Бат-Эрдэнэ-ді, екіншісінде аймақтық арыстан Тайванды, үшіншісінде Мемлекеттік піл дәрежесі бар Соронзонболдыны, төртіншісінде Мемлекеттік қаршыға Золбооны, сосын 4 дүркін Мемлекеттік лашын атағын алған Энхбатты жығып, зор жеңіске жетті.

Айта кетейік, биыл Моңғолияың егемен алғанына 99 жыл яғни Халық революциясына 99 жыл толды. Сонымен қатар Ұлттық Баян-Өлгий аймағының 80 жылдығы. Аталмыш қос мерекені Моңғолия көлемінде үш тәулік бойы дүркіретіп атап өтті. Өйткені Моңғолия өз ішіне коронавирус індетін таратпаған әзірге әлемдегі жалғыз ел. Бұған зерттеушілер әртүрлі пікір айтады. Алайда көбісі моңғолдардың тегінің мықтылығы, ұлттық төлқуатының күштілігінен деген пікірге келіседі...


Айтса айтқандай бұл реткі көрерменсіз онлайн түрде өткен наадам тойының барысынан бұл ақиқатқа көз жеткізуге болатындай. Өн бойынан көшпенділердің салтанатты тұрмысы көрініс тапқан мерекеге, Моңғолияның шартарапынан жиналған 512 палуан күш сынасып, 104 айғыр, 210 жуан ат, 184 бесті ат, 170 дөнен, 170-дей шатыс яғни будан тұқымды ат, 313 құнан, 49 тай қосылған аламан бәйге өтті.

Наадам тойының ашылу салтанатында Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга: «Ер жігіттің үш сайысы – Моңғол тектестердің мыңдаған жылдар жалғасып келе жатқан, көшпелі мәдениеттің тұтастығы, тарих, наным-сенім, әдет-ғұрыптар мен ұлттық менталитетінің өзегі, моңғол мемлекетінің рухани төлқуатының маңызды бөлігі» - деп атап өтті.

Расымен де 11-ші шілдеде өтетін наадам тойында моңғол жұртшылығы әлемді дүр сілкіндірген Шыңғыс ханның құрған қағанаты қайта жаңғырғандай күй кешіп, бір рухтанып қалады.

Ер жігіттің үш сайысының ең тартымдысы палуандар сайысы. Әлемде моңғол халқындай ұлттық палуандарын пір тұтып, қастерлейтін ұлт некен-саяқ болар. Бұған моңғолдың жыл-жылғы парламентінде екіден үш мемлекеттік жоғарғы дәрежелі палуандардың тұрақты сайлануы, аламанда ағалаған палуандарға берілетін сый-сияпат, зал толы көрермендердің қолпаштауы куә. Тіптен, 2011 жылғы өткен Моңғолияның кезекті Президент сайлауына ұлттық күрестің даңқты чемпионы Бадмаанямбуугийн Бат-Эрдэнэ атын ұсынып, дауыс берген сайлаушылардың 40 пайыз дауысына ие болса, қазіргі Президент Халтмаагтйн Баттулганың да дзюдодан әлем чемпионы атағы бар.

Осыдан-ақ моңғолдардың палуан қауымын қанына ұлттық қасиет сіңген нағыз ұлтжанды азамат ретінде бағалайтындығын білуге болатындай. Сондықтан да палуандар үшін мемлекеттік атақ-дәрежеге жету, аса қиынға соғады. Бұл дәрежеге қол жеткізетіндер көбінесе палуандық қасиет ата-бабасынан бойына дарыған тума талант иелері мен жастайынан палуандық өнермен жаттығып әбден шыныққан, палуандық өнердің қыры мен сырын жеттік меңгерген жанкешті азаматтар.

Сонан болар Баян-Өлгей аймағы орнағанына 80 жыл толса да, осы спорт түрінен Мемлекеттік дәреже алған аймақ азаматтарының саны 9 ғана. Бұған да тәубә. Өйткені Моңғолдың басқа 21 аймағынан ешқандай мемлекеттік дәрежелі палуан шықпаған өңірлер де бар көрінеді.

Мемлекеттік қаршыға дәрежелі палуан Бақыт Однайұлынан кейін араға 35 жыл салып, 2017 жылы мемлекеттік атаққа Серік Бердімұратұлы қол жеткізсе, биыл, яғни араға үш жыл салып Мұстафа Нұрланұлы Мемлекеттік Лашын атанып, аз қазақтың төбесін көкке жеткізді.

Мұстафа Нұрланұлы кім?

Мұстафаның арғы атасы Қаптағай батыр Ер Жәнібек батырдың сенімді серіктерінің бірі болса, өз әкесі Нұрлан Бұқарапұлы ауыр атлетиканың спорт шебері. Ал ұлы нағашысы Қапар Аңқабайұлы әйгілі алып күш иесі болған. Қапар туралы ел арасында аңыз-әңгіме өте көп айтылады. Солардың бірінде оның қасқырға бармағын шайнатқаны туралы баяндайды.

Жастайынан мал соңында өскен Қапар, бірде үріккен малдың дыбысынан оянып, далаға атып шықса, қорадағы еркек қойды алқымдап жатқан дала бөрісін көреді. Баспалап келіп қасқырды екіқұлақтан шап беріп ұстап, үстіне міне түседі. Бар назары тамаққа ауған қасқыр, тұтқиылдан үстіне қона түсіп, басын сығымдап ұстаған қарулы қолдан құтылуға жанталасып бағады. Алып күш иесі болса ұстаған жерден айырылмай, төмен тұқырта басады. Екі құлақтан ұстаған қарулы қол босатпағанымен, құлақшеке терісін жиырып, жанталасып бұлқынған қасқырдың азу тісіне Қапардың бір бармағы ілініп, бармақты шайнап жібереді. Осы сәтте Қапардың келесі қолы қасқырдың кеңірдегіне ілініп, сол қалпы қасқырдың демін алғызбай буындырып өлтірген екен.


Қапар туралы бұдан басқа әңгімелер жетіп артылады. Оның көтерген тасы қазір қабірінің басында тұрса, құйға батқан атан түйені суырып алған орасан қайрат иесі болғанын көз көргендер тамсана әңгімелейді. Ал шалмашылдығы бір төбе деседі.


Аңқабайдан Қапар, Жапар, Рахмет есімді үш ұл, Сарымай, Аяу, Балқия. Сүпір есімді үш қыз туады. Аяу молқы - қошақ Жәмпейіс Тілеубайұлына тұрмысқа шығады. Бұл әулеттен Баян-Өлгей аймағын 6-рет әйгілеген әйгілі Дағыс палуан шықты. Балқия, Руы қарақас Ертісбайұлы Құмарханға тұрмысқа шығады. Құмархан Мұстафаның үлкен атасы болып келеді.

Моңғолиядан журналист Қуат Уатханұлы


Соңғы жаңалықтар