Мүсінші Құралай Рахымбаева: Мүсіндерімнің ішіндегі өзіме ең жақыны Қайрат Рысқұлбековтің бейнесі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарындағы көшелерде орын тепкен еңселі ескерткіштердің, саябақтардың көркін келтіріп тұрған әдемі мүсіндердің авторы – әйел адам екенін біреу білсе, біреу білмес.

20-дан астам туындыны дүниеге әкелген Құралай Рахымбаева бұл өнерге жан тәнімен берілген. Әлбетте, нәзік жанның бетоннан құйма құйып, мүсін жасауы сирек кездесетін құбылыс. Десе де кейіпкеріміздің айтуынша, ниет пен ынта болса адам баласының қолынан келмейтіні жоқ.

- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ ?

- Тарбағатай ауданы Ахметбұлақ ауылында дүние есігін аштым. Сондағы орта мектепте білім нәрімен сусындадық. 7-сыныптан кейін Алматыдағы көркемсурет колледжіне оқуға түстім. Оқу орнын бітіргеннен кейін туған жеріме оралып, сондағы өнер мектебінде сурет пәнінен сабақ бердім.

- Мүсін жасаумен қалай айналыса бастадыңыз ?

- Бұл өнер маған нағашыларымнан дарыды десем болады. Олар сондай бір талантты кісілер. Бала күнімнен әр түрлі материалдардан мүсін жасауды ұнататынмын. Барлығы қолымнан жақсы келетіндігін айтты. Осылайша, ептеп мүсін жасаумен айналыса бастадым. Өнер мектебінен соң Зайсан ауданындағы әскери бөлімге мүсінші болып жұмысқа орналастым. Әр түрлі тапсырыстар да түсіп тұрды.

- Осы уақытқа дейін қанша мүсін жасадыңыз ? Бір мүсінді жасауға қанша уақыт кетеді ?

- Қазірде қолымнан 20-дан астам мүсін шығыпты. Маған оның әрқайсысы да ыстық. Бірақ көңілімнен ерекше орын алатыны – Желтоқсан көтерілісінің батыры Қайрат Рысқұлбековтың ескерткіші. Қазір Зайсан қаласында тұр. Сондай-ақ өзімнің ауылдасым, көршім болған Желтоқсан оқиғасының құрбаны, қайсар қыз Сәбира Мұхаметжанованың бюстін жасадым. Бұл туындым Тарбағатай ауданы Ақмешіт ауылында орын тепкен. Зайсан ауданы Шілікті ауылындағы № 2017 әскери бөліміндегі саябаққа қазақтың қаһарманы Қаракерей Қабанбайдың ескерткішін жасап бердім. Күршім ауданы Боран ауылында тұрған Алтын адамның мүсіні де менің туындым. Зайсан шаһарындағы орталық көшеде орналасқан асау үйреткен бала, қалаға кіре берістегі домбырашы ата сынды ескерткіштерім көптің ықыласына бөленген. Бір мүсінді жасауға орта есеппен 1 айдай уақыт кетеді.

Шеберханам болмағандықтан ескерткіштерді қыста үйде, ал жаз кезінде аулада жасаймын. Әлбетте, жеке шеберханамның болғанын қалаймын. Алайда оған материалдық жағынан мүмкіндік болмай тұр. Бұл ретте демеушілер табылып, қолдау көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді. Туындыларымды негізінен бетоннан жасаймын. Кейбіреулер Қытайда шығатын пластмасса қолданады. Бірақ ол көпке шыдамайды. Мұндай мүсіндердің көп ұзамай бұзылып, опырылып жататынын талай көрдік.

- Нәзік жанды бола тұра қиындығы мол мүсін жасау өнерімен айналысып келесіз. Басқа салаға бет бұрсам деген ой келген сәттер болды ма ?

- Әр дүниенің өзіндік қиындығы болатыны рас. Десе де адам алдына мақсат қоя білсе арманына жетеді екен. Көпшілік мұны ер адамның ісі деп санайды. Егер мен бұл маған лайықты емес екен деп мүсін жасауды тастап кетсем, онда өнерге қиянат жасаған болмаймын ба? Көп жағдайда адамдар қолынан келмейтін дүниені қиынға балап жатады. Меніңше, ол қате тұжырым. Адам баласының қолынан бәрі келеді. Тек ниет пен ынта болуы керек.

- Әңгімеңізге көп рақмет!


Соңғы жаңалықтар