Мұсайбеков жарақатпен Олимпиадаға жолдама алған Жұмағазиевті өзгелерге үлгі етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков жарақатпен жарыс жолына шығып Олимпиада жолдамасын алған шорт-трекші Нұрберген Жұмағазиевті өзге спортшыларға үлгі етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің «Пхенчханда өтетін ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарынан қандай нәтиже күтесіз?» деген сауалына жауап берген вице-министр спортшылармызға қатты сенетіндігін айтты.

«Барлық жағдай жасалған. Біздің құрама команда заманауи жабдықтармен, медициналық қызметпен, массажшы-дәрігерлермен қамтамасыз етілген. Бірақ бұл кәсіби спорт, үлкен спорт. Үлкен спорт болғандықтан «бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей нәтижені ешкім нақты айта алмайды», - деді ол.

Сонымен қатар ол спортшыларда да жеңіске деген жігер болуы керектігін атап өте келе, ел қоржынына шорт-тректен 10-шы жолдаманы салған Нұрберген Жұмағазиевтің жарыс жолына жарақатпен шыққанын айтып берді.

«Спортшымыз Нұрберген Жұмағазиев әлем кубогының Шанхайда өткен үшінші кезеңінде қатты жарақат алып, гипс салды және дәрігерлер 3 аптаға жарысқа қатысуға тыйым салды. Бірақ бір аптадан кейін онымен Сеулде, ең соңғы жарыста кездестім. «Не үшін мұнда жүрсің? Саған аурухана барып, емделу керек қой», - дедім. Ол: «Аға менде 5 00, 1 500 метрге жолдама бар. Тек 1 мың метрге ғана жолдама жоқ. Мен қатысамын, жеңемін», - деді. Міне, нәтиже бар, жеңді. 10-шы жолдаманы командаға әкелді. Сондықтан бізде осындай спортшылар болса, халық, ел болып оларды бағаласақ, сәттілік пен жеңіс тілесек міндетті түрде нәтиже болады»,- деді Мұсайбеков.

Соңғы жаңалықтар