Мұса Йылдыз: Астана - күллі түркіге ортақ қала

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы - «Қазақстан-2030», 2012 жылы «Қазақстан - 2050» стратегиясын жариялап, ұзақмерзімді бағдарламаларды іске асыру мақсатында нақты қадамдарға кірісті. Даму жоспарын рухани қолдау мақсатында 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» манифесін жариялады. 2018 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа жауапкершілік жүктеп, халық алдына бірқатар міндеттер қойды. Бүгін аталған құжаттардың мақсат-міндеттері турасында ой бөліскен Қожа Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыздың пікірін ұсынамыз.

Салауатты ел салиқалы басшының арқасында жүйелі дамып, Орталық Азиядағы инновациялық мәдениет, үш тілді білім, ұлтаралық толеранттылықтың Ақордасы атанды. Ел байлығы мен жер байлығын, географиялық орны мен саяси-мәдени алмасу барысындағы сан жылғы тәжірибесін тиімді пайдаланып, аймақтың көшін бастады. Сарыарқа төріне сәні мен салтанаты жарасқан жаңа қала тұрғызды.

Тарих қойнауына үңілсек, уақыт талабы мен заман ағымы туындатқан қажеттілікке сәйкес астананы ауыстыру әр мемлекетте кездесетін қалыпты жағдай. Қазақ тарихында да бұл өзгеріс бірнеше мәрте қайталанады. Хандық дәуірде тұғырлы мекен Сығанақ, Түркістан, Ташкент болса, ХХ ғасырда яғни 1917 жылы Алашорда үкіметі құрылған кезде Семей қаласына бас шаһар мәртебесін берген еді.

1920-1924 жылдар аралығында - Орынбор, 1924-1929 жылдары - Қызылорда, 1929 -1997 жылдары - Алматы астана ретінде бекітілді.

Бас қаланы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінде 1994 жылы 6 шілдеде қабылданды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пленарлық мәжілісте сөз сөйлеп, көштің себептерін 32 өлшем бойынша түсіндірді. 1997 жылы 20 қазанда Президент Жарлыққа қол қойып, 8 қарашада мемлекеттік символдар ресми түрде Алматыдан Ақмолаға көшірілді. 1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола қаласы - Қазақстанның жаңа астанасы болып жарияланды.

Ақмоланың Қазақстанның дәл ортасында орналасуы және шекара арасындағы ара қашықтықтың шамамен тең болуы бас қала таңдалған тұста ерекше есепке алынды. Ел ордасының солтүстік өңірге ауыстырылуы қазақтың сол аймақтағы санын арттыруға және өңірді қазақыландыруға жол ашты. Халық санының көбеюі Ақмоладағы демографиялық жағдай мен мәдени-әлеуметтік құрылымды өзгертуге ықпал етті. 1997 жылы оңтүстіктен солтүстікке ағылған халық демографияға дүмпу әкелді. Сондай-ақ 2009 жылға дейін ауылдық аймақтардан қалаға ат басын бұрғандар көбінесе Астанаға бағыт алып отырды.

Астананың стратегиялық және георгафиялық орналасуы, табиғи апаттардың аз болуы, бай жерасты ресурстары, кеңею мүмкіндігі де елордаға айналуының негізгі себептері еді. Бастапқыда Алатаудың етегінде орналасқан, ауасы таза, табиғаты қолайлы Қазақстанның ең сұлу да жасыл қаласы Алматыдан қысы қатал жазық далаға көпшілік барғысы келмей, екі ойлы болды. Бүгінгі сәтте бұл идеяның тарихи шешім нәтижесінде жүзеге асқан сәтті жоба болғанына көзі жетті, уақыт өткен сайын дұрыстығы айқындалып келеді.

Тәуелсіздіктің төрт жылында ұшы-қиырсыз далада бой таластырған бас қаланың ғажайып ғимараттары, түзу тартылған кең даңғылдары Орталық Азияның бет-бейнесін түбегейлі өзгертті. Оңтүстіктегі халық санының көптігі және жұмыссыздықтың өсуіне байланысты туындаған мәселелер де жойылып, демографиялық және экономикалық өсулер белең алды.

Астана тұрғындары Кеңес одағынан қалған мұралардан арылып, көше-аудандардың бұрынғы атаулары өзгертіліп, жаңасы жедел арада құлаққа сіңісті болып кетті. Әсем қаланың келісті келбеті, тұрмыс-тіршілігі елдің патриоттық сана-сезімін оятты.

Астана - Елбасының ақиқатқа айналған арман-тілегі. Мемлекет басшысы Астананы «Мега кентке» айналдырып, үлгілі шаһар ретінде әлемнің ең озық 30 қаласының қатарына енгізу мақсатын көздейді. Қаланың архитектурасына, инфрақұрылымына, халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік жағдай жасауға орасан күш, қомақты қаржы жұмсалды. Әлемге әйгілі архитекторлар шақырылып, жобалау жұмыстарымен айналысты. Сәулет өнерінің озық үлгілері Қазақстанның төл мәдениетімен қатар, түбі бір түркітілдес елдермен тарихи сабақтастығын ашып көрсетуге тырысты. Сөзімізге дәлел ретінде Республика көшесін мысалға алуға болады. Кеңестік дәуірден қалған ғимараттарға дейін ұлттық оюмен өрнектелген. «Ақорда» сарайы, Президенттік мәдениет орталығы, Назарбаев Университеті, Халықаралық әуежай, Есіл жағасындағы қаз-қатар тізілген үйлер ұлттық нақышымен қаланың ажарын аша түскен. Назарбаев Университетінің көк байрақтың түсімен түстес көмкерілген көк күмбезі сонадайдан көзге оттай басылады. Алғашқысы - киіз үйдің шаңырағы болса, кейінгі күмбез - шығыс сарайлары мен мешіттерде жиі қолданылған көшпелі мұсылман мәдениетінің бір нышаны іспеттес.

Елбасының айтуынша, қазақ елінің өзгешелігі мен ерекшелігін көрсететін көк күмбез саналы түрде таңдалған екен.

Солтүстік шаһардың алғашқы ғимараты және мегаполистің символы «Бәйтерек» - барлық өзгерістің басы болған монумент. Ұлы дала мәдениетінің темірқазығы іспетті.

Халықтың саны 1 миллионнан асқан қалада бір-біріне ұқсамайтын мемлекеттік мекемелер, іскерлік кеңселер, сауда кешендері, ойын-сауық орталықтары, мейрамханалар халық игілігіне көптеп ұсынылған. Әрқайсысы тарихтың жаңа бетін ашып, алаштың өршіл рухын асқақтатып тұр. Сақ, ғұн, көктүріктен жеткен көшпенділер өркениетін қазіргі заманмен астастырып, түркі мәдениетінде ешқандай қарама-қайшылықтың жоқ екендігін дәлелдейді.

Қысқа уақытта Астанада ЕЫҚҰ саммиті, қысқы Азия ойындары, ИЫҰ саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының конгресі сынды халықаралық маңызы бар басқосулар мен әлемдік деңгейдегі ЕХРО - 2017 көрмесі өтті. Халықаралық шара «Болашақ энергиясы» тақырыбымен бұрынғы КСРО, қазіргі Орталық Азия елдерінің ішінде алғаш рет ұйымдастырылып, энергетика саласының дамуы бойынша Қазақстанның мүмкіндіктерін ортаға салды.

Патриоттық сезіммен әшекейленіп, ұлттық бояумен көмкерілген қалада бірнеше ұлт өкілдері шаңырағын шайқалтпай, түтінін түзу ұшырып отыр. Конфессияаралық келісім, дінаралық диалог және мәдениеттер арасындағы үнқатысу сынды терминдер мемлекеттік жиындарда жиі айтылады. Қазақстан қоғамындағы толеранттылық пен этностар татулығы мемлекеттің басты назарында.

Бірлік пен достастықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде пирамиданы бейнелейтін Бейбітшілік және келісім сарайы көрген кісіні таңғалдырмай қоймайды. Әсіресе, қалада бой көтерген мешіттер, шіркеулер, Елбасы ашқан «Халықтар достығы» монументі мәңгілік достықты паш етеді.

Астананың бітімгерлік бағыттағы жұмыстары да арнайы тоқталуды қажет етеді. Жаһандық бейбітшілікке қауіп төндірген Сирия дағдарысын шешу мақсатында саммиттер өткізіп, бүкіл әлемге танылды. Сириядағы үкімет күштері мен оппозициялық топтар арасындағы жиынды Астанада өткізу туралы ұсыныс ұтымды шықты. Бейбітсүйгіш бас қала - Астананың аты Нью-Йорк, Женевамен қатар аталғаны зор мақтанышқа бөлейді.

Мұса Йылдыз

Қожа Ахмет Ясауи университеті
Өкілетті кеңесінің төрағасы

Мақала Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің көмегімен дайындалды

Соңғы жаңалықтар