Мұса Хайруллиев Атырау облыстық мәслихатының төрағасы болды

None
Фото: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Атырау облыстық мәслихатының алғашқы сессиясында жаңа төраға сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың мәліметінше, мәслихаттың құрамындағы 30 депутаттың 15-і бірмандаттық округтен, 15-і саяси партиялардан сайланған.

Оның ішінде 17-сі қайтадан мандат алған.

«Облыстық мәслихат депутаттарының арасында 23 ер, 7 әйел бар. Олардың орташа жасы – 45-те. Депутаттардың құрамында азаматтық қоғамның 6, БАҚ-тың 3 өкілі бар. Сондай-ақ, 9 кәсіпкер, білім және спорт саласынан 3 қызметкер, 4 фермер, кәсіпорындардан 3, денсаулық сақтау саласы мен мемлекеттік органнан 1 өкіл сайланды», -деп хабарлады Азамат Айманакумов.

Оның дерегіне сүйенсек, Аmanat партиясына 10, «Ақжол» партиясына 2, «Ауыл» партиясына 1, «Respublica» партиясына 1, «Байтақ» жасылдар партиясына 1 мандат берілген.

Алғашқы сессияда облыстық мәслихаттың төрағасы болып Мұса Хайруллиев сайланды.

Мәслихат депутаттары оның кандидатурасына қолдау білдірді. Ол облыстық мәслихаттың депутаттығына бірмандатты №5 округтен өзін-өзі ұсыну жолымен сайланған.

Мұса Қарашаұлы 1984 жылы дүниеге келген.

Осы кезге дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Атырау облыстық филиалының директоры болып жұмыс істеген.

Атырау облыстық мәслихатың депутаттары төрт тұрақты комиссияның құрамы мен төрағаларын сайлады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысы мәслихатының бір мандатты округінен 15 депутат сайланғанын, кейін Атырау облыстық мәслихатына AMANAT партиясынан 10 депутат өткенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар