МҰРЫН ЖЫРАУ СЕҢГІРБЕКҰЛЫ

None
None
ын Сеңгірбекұлы (1859-1954) - жырау, Қазақ халқының рухани асыл қазынасының бірі «Қырымның қырық батыры» жырын Сыпыра жыраудан бес ғасыр кейін жырлап, біздің заманымызға ұластырған ұлы жыршы.

Қазіргі Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданында дүниеге келген. Ол Кіші жүздің Адай руынан шыққан. Шын аты Тілеген.

Мұрынның әкесі Сеңгірбек, атасы Айғыр өз өмірлерін ұсталыққа, зергерлік кәсіпке арнаған. Әкесі Мұрынды жас кезінен қасында ұстап, ұсталық, зергерлік өнерге баулиды. Бірақ, Мұрын бала кезінен сөз, ән-күй өнеріне қатты құмар болатын. Ол ақын жыршы, жыраулардың байырғы салт-дәстүрі бойынша ел аралап, жыр айтып жүрген атақты ақын, жыршылардың жанына еріп, олардан өлең, жыр үйренеді. Нұрым Жаршағұлұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Қашаған Күрімжанұлы, Ақтан Керейұлы секілді ақын-жыршылармен бірге өзбек, қарақалпақ елін аралап, жыраулық өнерімен халық құрметіне бөленген. Мұрын жыраудың құнды мұрасы - ноғайлы дәуірінен жеткен эпостық жырлар.

Жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған, ерекше, табиғатынан шексіз есте сақтау қабілетіне ие болған талантты жыршы - 18 жасынан бастап «Қырымның қырық батырын» ұзақ жылдар жырлаған, жырлай жүріп Бұқара мен Хиуаның, Амудария мен Сырдарияның, сондай-ақ Каспий теңізінің оңтүстігі мен Қара теңіз төңірегіндегі мекендеген халықтардың арасында халқымыздың бай мұрасын жеткізді, ұрпақты елін, жерін сүюге үндеген. «Қырымның қырық батыры» жайлы жырдың дүниеге келуі турасында Мұрын жырау қария мынандай жайды мәлімдеген: бұл жырлардың бірінші шығарушысы - осыдан шамамен 500 жылдай бұрын өмір сүрген Сыпыра жырау. Сыпыра жырау өзінің бұл туындысын жаңа ұрпақ өкілі Абыл жырауға аманат еткен. Абыл жырау болса өзінен кейінгі Нұрым жырауға, ал ол - төртінші буынның өкілі Мұрын жырауға аманат етіп қалдырған. «Қырымның қырық батыры» туралы жыр қырық тараудан тұрады, оның әрқайсысы жеке-жеке батырларға арналған. Сонымен бірге бір батыр екінші батырдың ұрпағы болып жырланады. Сондықтан қырық батыр жайлы жырлардың жиынтығы - тегі мен композициялық құрылымы жағынан өзара тығыз байланысты. «Қырымның қырық батыры» туралы жыр деп аталатын жырлар жиынтығы өзінің құрылысы жағынан қырғыздың белгілі «Манасын» еске түсіретін, бірақ көлемі бойынша одан екі есе үлкен, қалыпқа түскен тұтас бір мәдени дүние... Аталған мұра көлемі жағынан Шығыстың ұлы туындысы - «Мың бір түннің» өзін кейінге қалдырады. Бұл жырлардың мазмұны, сюжеті мен композициясы ерекше назар аударуға лайық. Шет жерлік басқыншылардың шабуылынан елін қорғаған батырлар ерлігі әр жырда да жырланады. Батыр мұнда халқының қорғаны, жат жұрт езгісінен азат етуші қаһарманы ретінде көрсетіледі. Ержүректілік, әділдік, ақылдылық, туған халқына деген махаббат секілді қасиеттер оларға тән болып келеді...

«Қырымның қырық батыры» жырлары ХІV -XVII ғасырлардағы халық ауыз әдебиетінің құнды жәдігері болып табылады. Оны келешек ұрпаққа таныстыру мақсатында, 1942 жылы Мұрын Сеңгірбекұлы Қазақ ССР Ғылым академиясының Президенті, академик Қаныш Сатпаевқа ауыз әдебиетінің айтулы мұрасын тапсыратын жалғастырушысының жоқтығын айтып хат жазады. Сол кезде Қаныш Имантайұлының көмегімен, Ұлы Отан Соғысы жүріп жатқанына, қиыншылықтарға қарамастан, Қазақстан үкіметі қазынадан қаражат бөлгізіп, жыршыны Маңғыстаудан Алматы қаласына алдыртып, жатын-жай, тамағын қамтамасыз етіп, қасына хатшылыққа ақын Мәриям Хакімжанованы қосып, Мұрын жырауға барлық жағдай жасайды. Нәтижесінде, он ай бойы жыршы «Қырымның қырық батырының» 36 батыры туралы жырларын ауызша айтып, сол жерде қол жазба күйіне түсіріледі, одан кейін қосымша 4 батыр туралы жырды 1947 жылы жаздырып жіберген. 1944 жылы Ташкент қаласында өткен Орта Азия түркі тілдес халықтарының фольклоры туралы Бүкілодақтық ғылыми-теориялық конференцияда Мұрын жырлаған «Қырымның қырық батыры» эпосының дүниежүзілік маңыздылығы айрықша айтылды.

«Маңғыстаудың Гомері» - мұндай жоғары бағаға Мұрын Сеңгірбекұлы  көзінің тірісінде ие болған. Мұрын жырау еңбегін Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Н.Оңдасынов, В.Жирмунский, Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, Н.Сауранбаев, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов және басқа зиялыларымыздың бастамашылдығы және қолдауымен ие болып, даңқы шартарапқа тараған «Қырымның қырық батыры» жазбалары Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының сирек кездесетін қорлар бөлімінде сақталып, бүгінгі таңда осы рухани асыл қазынамызға ие болып отырмыз.

Мұрын жырау Сеңгірбекұлы 1954 жылы 29 тамызда дүние салды. Форт-Шевченко қаласы жанындағы Сейді Ислам Ата зиратында жерленген.

1989 жылы Мұрын жыраудың туғанына 130 жыл толуына орай зергерлік шеберханасы қалпына келтіріліп, Мұрын жырау атындағы мұражай болып ашылған. Үстіміздегі жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Мұрын жырау Сеңгірбекұлының туғанына 150 жыл толуына арналған «Жыраулық дәстүр жауһарлары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтіп, Мұрын жырау шығармашылығы мен Маңғыстау тарихына арналған академик Қ.Аманниязовтың «Мұрын жырау. Форт-Шевченко» кітабы жарық көрді. Жыраудың туған жері Форт-Шевченко қаласында мұражай-үйі жұмыс істейді.

 

Дерек көздері:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 6 том,

Қ.Аманниязов, «Мұрын жырау. Форт-Шевченко» кітабы, 2009.

Соңғы жаңалықтар