Мұражай, мұрағат және күйсандық сөздері терминология комиссиясында бекітілмеген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамда қызу талқыға түскен мұражай, мұрағат және күйсандық сөздері терминология комиссиясында ешқашан бекітілмеген. Бұл туралы Қазақстан  Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 «Кейінгі кездері музей, архив сөздері жайлы екіұдай пікір айтылып жүр. Терминология комиссиясында мұражай немесе мұрағат немесе күйсандық сөздері бекітілген емес. Ол сөздер пианино, фортепиано, музей және архив күйінде қалған еді. Бірақ біздің әріптестеріміз, журналистер бұл сөздерді өз ыңғайына қарай қолданады. Оған еш қарсылығымыз да жоқ, ауызекі тілде қолдана берсін. Бірақ, негізгі бекітілген терминдер - пианино, фортепиано, музей және архив», - деді Ғалымжан Сәрсенбайұлы терминжасам бағыттары туралы Астанада өткен семинар-кеңесте.

Сонымен бірге, Ғалымжан Мелдешов терминологияға қатысты сіңіспей жүрген сөздер туралы әңгімеледі.

«Журналистерден «әуіт», «құрсым» сөздерінің мағынасын білесіздер ме деп сұрағым келеді. Немесе «желкөз»? Бұл сөздер терминология комитетінде, терминология комиссиясында бекітілген, бірақ халық арасында қолданылмайды. Жасыратыны жоқ, осы тұрғыда өз әріптестеріміз бен ғалымдар тарапынан бірқатар сын айтылуда. Сондықтан, бүгінгі семинарда ғалымдармен, терминологтармен терминжасамның негізгі бағыттарын айқындап, қолданыстағы сөздерге мүмкіндігінше сіңісті сөздерді енгізу мәселелерін талқылаймыз», - деді ол.

Комитет өкілі терминологияның бір ғана саламен шектелмейтінін, әр сала өз терминдерін ұсынатынын атап өтті.

«Ұлттық экономика министрлігі, ұлттық компаниялар, медицина, ғылым, техника саласының өкілдері өздеріне ыңғайлы терминдерді ұсынады. Ал терминологиялық комиссия мүшелері мүмкіндігінше сол сала мамандарының ыңғайына келетін сөздерді іріктеп алып, қолданысқа енгізуге тырысады».

Айта кетейік, бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазіргі терминжасамның бағыттарын айқындау мәселелері» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Оған ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, терминолог-ғалымдар, ҚР министрліктерінің тіл саласына жауапты қызметкерлері қатысты.

Соңғы жаңалықтар