Мұратбек Оспанов: «АБАЙ» журналы - Тәуелсіздіктің төлтумасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы жыл - халықаралық «Абай жылына»айналды. Әлемнің көптеген елдері «қазақтың бас ақынының»шығармашылығына назар аударуда. Қазақстанның бастамасымен жәнеЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерейтойыжаһандық деңгейде атап өтуілде.

Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық

парызымыз. Өйткені Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абайтанудың

тұғырнамалық негізі де осы болуға тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев: «Қазір ақынның еңбектерін

халықаралық ғылыми айналымға енгізу үшін нақты және мақсатты жұмыстар

қолға алынуда. Оның шығармалары әлемнің он тіліне аударылып, баспаға

әзірленді. Бұл кітаптар жүзден астам елдің кітапханалары мен мәдени

орталықтарына жіберіледі. Бірқатар шетелдік аудармашыларға, Абайдың

шығармашылық мұрасын зерттеушілер мен насихаттаушыларға менің

Жарлығыммен мемлекеттік награда берілді. Біз бәсекеге қабілетті мемлекет

болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі ұлт ретіндегі

жаңару идеясы да оның көзқарасымен үндесіп жатқаны анық», - деп атап

өткен еді. Осы орайда тілішіміз бар шығармашылық өмірін ұлы ақын

мұрасын насихаттауға арнап келе жатқан «Абай» журналының бас

редакторы, Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, Білім және

ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин төсбелгінің иегері, Абай ауданының

құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұратбек

ОСПАНОВПЕН сұхбаттасқан еді.

- Әңгімені әріден қозғағым келіп отыр. Жыл басында Президенттің «Абай

және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаласы жарық көргені мәлім.

Күн тәртібінде тұрған көптеген толғақты мәселелер осы еңбекте толығымен

көрініс тапқан. Әсіресе абайтану ғылымына қозғау салып, қазір оның біразы

жүзеге асырылып жатыр. Қай ғасыр да болмасын, қай қоғамда болмасын

Абай бізге ауадай қажет екенін айғақтап берді. Жалпы ұлтты ұшпаққа

шығаратын осындай қадау-қадау тұлғалар екенін ұмытпағанымыз абзал.

Тойлауға емес, ойлауға ойысу керектігін Қасым – Жомарт Кемелұлы нақты

дәлелдермен, ақын өлеңдерінен мысал келтіре отырып түсіндірді. Шыны

керек, мерекелік шаралар шегіне жетіп, той өткен соң барлық істі тындырып

тастағандай шалқадан жата қалатынымыздың барлығын несіне жасырайын.

Мұны ұлы ақынның өзі де жүрек түбіне жеткізіп айтып кеткен. Мәселе қалай

қабылдауда болып отыр. Құр жаттап алып судырлатқаннан Абайды таныдық

деу бекершілік. Ой көзімен оқу қажет. Президент осыны меңзеп отыр.

Бір кездесуде студент – талаптанушы маған мынадай сауал тастады:

- Абай ұлы, Абай данышпан, Абай кемеңгер, бойында бір міні жоқ деп

тамсанасыздар. Ол да адамның баласы ғой. Сонда ешқандай кемшілігі жоқ

па? Әжем тек пайғамбар ғана мінсіз екенін, қалған пенденің бәрінде

кемшілік бар екенін құлағыма құйып отырушы еді, дегенінде, ойланып

қалдым.

- Өзің Абайды ықласпен оқисың ба? - деп қарсы сауал тастадым.

Оқитынын, көп өлеңдерін жатқа білетінін айтып, әлгі студент жаңылар

емес.

Ендеше: ...Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес.

Аршып алып тастауға,

Апандағы саз емес... – деп өз мінін де, өзгенің мінін де

айнадан көргендей айтқан Абай емес пе дегенімде:

- Мен бұл өлеңді жатқа білемін. Бірақ түптеп түсінбеген екенмін,

кешіріңіздер деген еді.

Міне, біздің Абайды оқытып, жаттатуымыз осы деңгейден әрі аспай

келеді. Президент XXI ғасырдағы Қазақстанда Абайды ұрпаққа оқытудың

жаңа тәсілдерін табу керектігін дер шағында қозғады. Ал, екінші мақала осы

ойларының жалғасы сияқты әсер етті маған. Әрине, елдегі жағдайға

байланысты қысқа қайыруға тура келген шығар. Дегенмен қысқа болса да –

нұсқа. Абайға деген шынайы жүрек соғысы көрініп тұр.

Елді жайлаған індетке байланысты біз күткендей ас та-төк, дақпыртты

дастархан болмасы белгілі. Кезінде ұлы ақынның өзі де ел ішінен індет

шықса көшіріп жіберіп, тағы басқа да күресу шараларын жасаған екен. Маған

осыдан жиырма жылдан астам бұрын Мұқағали Мақатаевтың жары Лашын

Әзімжанова нағашы атасы Қырманшыға Абайдың қалай көмектескені туралы

естелік жазып жіберді. Төменде осы естеліктегі мына жолдарды толық

келтіргім келіп отыр.

«Ұлы ақын Қырманшы атамызды жақсы қарсы алады. Алыстан,

айдаудан жүдеп-жадап келіпсің. Сені осында әкелген құдайың да, Петроң да

бекер адам емес екен. Бірер ай тынық, мына түріңмен ұзақ жолға

шыдамассың деп ақыл береді. Атамның сонда байқағаны – Абай үнемі оқып

отырады немесе өлең жазып отырады. Оқу-білім туралы, дін туралы сөз

қозғайды. Кейде медицина жайлы да әңгіме айтылады. Қазақ халқы бір-

біріне жаны ашығыш, төзімді халық. Осындай мінезінен кейде өрескел

қателер жіберіп алады. Мысалы: сүзек, оба, тырысқақ, шешек сияқты өте

жұқпалы аурулар бар. Солардың жөнін білмей, бір-біріне жаны ашып жүріп

ауруды қалай жұқтырғанын сезбей қалады. Осындай жайдан бүкіл ауыл

адамдары қырылған уақыттар болған. Сондықтан әрбір ауруға өте

сақтықпен, жайлап, ойлап араласу керек. Дерті тым қабынған жағдайда ол

маңға аттап басуға тиым салу қажет - деп әңгіме арасында ескертіп

отыратын көрінеді.»

Міне, ұлы ақынның араласпаған саласы жоқ екенін осыдан–ақ аңғаруға

болады. Батыс-Шығыс ойшылдарының шығармаларын, философиялық

еңбектерін жастанып жатып оқыған қазақ хәкімі сол заманда-ақ ел ішінің

амандығына алаңдағаны көрініп тұр. Ендеше тойым өтпей қалды-ау деп

Абай аруағы күңірене қоймас. Есесіне оқытуды, еңбектерін әлем тілдеріне

аударып шығаруды, ең бастысы Абайтану ғылымын мықтап қолға алуды

аманаттады Президент.

- Енді өзіңіз басқарып отырған «Абай» журналы туралы толыққанды

түсінік бере кетсеңіз? Біраз оқырмандар журналдың атын естігені болмаса,

ұстап көрмегендері де бар. Оған Семейде шығатындығы да себеп болар.

- Қабырғалы қазақ елінің тәуелсіздігі өмірге қайта әкелген құнарлы

өнімнің бірі – «Абай» журналы. Бабалар жолымен бағамдасақ, тегіне қарап -

тереңіне үңілетін, беделін көріп - берерін бездендейтін берекелі алаштың

ұрпағымыз. Сондықтан бұл басылым тақырға түскен дән, адырға біткен

«арам шөп» емес. Арғы тамыры ұлтымыздың ұлы перзенттері Мұхтар Әуезов

пен Жүсіпбек Аймауытов тұсауын кесіп, 1918 жылы Семей топырағында

тұңғыш қадамын бастырған ақыл-ойдың құймасы болатын. Амал қанша, бар-

жоғы бір жылға жетер-жетпес уақытта солақай саясаттың құрбандығына

шалынды. Жолын қиды, жонына таспа тілді. Оны бүгін ашық айта аламыз.

Сол 1918 жылғы алғашқы басылымдағы «Журнал туралы» кіріспе

сөзінің соңын Жүсіпбек Аймауытов былай түйіндейді: «Адамның

адамшылығы істі бастағанынан білінеді. Қалай бітіргенінен емес» деп Абай

айтқандайын, талабым-таяғым, жігерім-азығым, маңдайыма ұстаған ақын

Абай – қазығым деп үмітпен шығарып отыр». («Абай» журналы, 1918 ж. №1)

Алаш арасының сөз астарына үңілсек, «Қалай бітіргенінен емес» деген

емеурінмен-ақ ертеңгі күннің бұлыңғыр болатынын ескерткен сияқты.

Алматының төрінде тұрған ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде

сақталған журнал тігінділерін парақтасақ, оған көзіміз жете түседі. Елім –

ертеңім, ұлтым – ұлысым, ұрпағым – тынысым, жерім – ырысым деп жүрек

соқтырып тұрған талай жазбаның тамырын басамыз. Сондықтан иен

даламызға иелік етіп, Еуропаның озық жұртымен терезе теңейік деген

негізде жазылған көптеген мақалалардың маңдай түйістіргенін көреміз. Оған

жету үшін – білім, ғылым керек, сол білім, ғылымның басы – Абай екенін

алдыға сала отырып, сара жол нұсқайды. Керегесін кеңейтіп, түңілігін

түргенде алаштың түтіні түзу ұшсын деген тілеуқор сарында жазылған

сандаған материалдар, бәрін бір тарының қауызына сыйдырмақ болған

Кеңеске қайдан ұнай қойсын.

Араға 73 жыл салып, «қайта туған төлбасы, үзілген сөздің жалғасы»

(«Абай» журналы, 1992 ж. №1) болып «Абай» журналы еркін дүние есігін

ашты. Нұрлы шуаққа шомыла отырып, құбыламыз – Абай, темірқазығымыз –

Мұхтар болып, солар салған соқпақты жалғастырып келеміз. Дәл осы тұста

қадап айтар бір жай – қазақ елі тәуелсіздік туын көтерген алғашқы жылдары

ішімізден де, сыртымыздан да сынай қарап, сенімсіздікпен көз алартқандар

аз болған жоқ. Сондықтан:

«Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең, істің бәрі - бос» деген ұлы ақын өсиетін басылымның

маңдайына жазып, өз ауыз бірлігімізді сақтауға шақырдық. Арғы тегімізге

тартып, алдымен Абайтану, мұнан кейін халқымыздың тарихы мен

тағдарына қатысты материалдарды үзбей жариялап тұру дәстүрге айналды.

Президенттің екінші мақаласында «Сегіз аяқтан» алынған осы жолдар жүр.

Ендеше ұстанған бағытымыздың дұрыс екендігін осыдан-ақ аңғаруға

болады.

- Интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық

көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында осылай деді.

Президент Абай сөзінің бүгінгі замандағы өзектілігі, ақын

шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуы тиіс екендігі жөнінде

ойын білдірген. Мақала «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің

мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің

тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» сынды бірнеше бөлімнен тұрады.

Сізді журнал Абайды ғылыми негізде зертеуді басым бағыт еткен. Дәл осы

жерде «Абай» журналындағы негізгі тақырыптарын тарқатып берсеңіз?

- Жылдар керуені алға жылжыған сайын уақыттың өзі ұсынып отыратын

тақырыптар туындап жатады. Яғни, «Әуезов әлемінен», «Шәкәрім

шалқарынан», «Қиырда жүрген қандастар», «Сәулең болса кеудеңде»,

«Ғылым таппай мақтанба», «Түбі бір түркіміз», «Жаһан әдебиетінің

жауһарлары», «Нобель сыйлығының лауреаттары» атты айдар аясында

бірнеше сүйекті материалдар жарық көріп келеді. Халқымыздың тағдырына

қатысты «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Берекелі болса ел»,

«Жүректің көзі ашылса», «Жан аямай кәсіп қыл» атты айдарлар әлеуметтік-

экономикалық әлеует төңірегінде сөз сабақтайды. Байқап қарасаңыздар

айдарлардың басым бөлігі ұлы Абайдың өз сөздерінен, өз өсиетінен алынып

отыр. Журнал ерекшелігінің бірі де осында деп ойлаймыз.

Күні бүгінге дейін басылымның 142 саны жарық көрсе – соның бәрінде

дерлік жоғарыдағы тақырыптар тарқатыла жазылған. Бір сөзбен айтқанда,

алыптар аманатын адал атқаруға тырыстық. Оның төрелігі журналды үзбей

оқып жүрген қалың қауымның еншісінде.

- «Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың

талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Ұлы ойшыл әр

сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға

баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның

өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық

беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы.

Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы

қажет», – деп жазды Мемлекет басшысы. Президент Қасым-Жомарт

Тоқаев «Абай» журналын да оқитынын өз мақаласында атап өткен еді.

Келешектегі жоспарларыңыз қандай?

Иә, расында да жыл басындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың

мақаласында осы журнал туралы да айтылады. Осыдан кейін басылымға оң

қабақ танытушылар қатары молая түсті. Біздің жұмысымыздың тамырына

қан жүгіріп, заманға лайық ойлармен, тың тыныспен кірістік. Жалпы Абайдан

жаңалық ашамын деу қиынның-қиыны. Бәлкім бекершілік те болар.

Барлығын Әуезов қағазға түсіріп, айналымға салып кеткен. Біз негізінен

осыны басшылыққа аламыз. Менің үстелімнің үстінен Абай мен Мұхтардың

кітаптары түсіп көрген емес. Құбылам – Абай, темірқазығым – Әуезов

дейтінім де содан.

Келешек келбетіне қатысты мына түйінді жайларды айта кеткенім жөн

болар:

- Журналдың қайта өмірге келуінің өзі - еліміздің тәуелсіздік алуының

арқасы. Сондықтан қазақ мемлекетінің тәуелсіздігіне, халқымыздың береке-

бірлігіне ұлы Абайдың өнегелі өсиеттерін алдыға сала отырып, үлес қосу.

Басшылық тізгінін ұстап жүрген азаматтарға сөз өрнегімен, пікір

жариялығымен көмек көрсету;

- Абайтану, Шәкәрімтану, Мұхтартану мәселелерін бүгінгі көзқарас

тұрғысында таразылап, талдау;

- Қазіргі қазақ әдебиетінің ең үздік деген туындыларымен оқырманды

таныстыру. Әсіресе, жас авторларға қолдау көрсету. Жақсы шығармаларын

жариялау;

- Елдің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу жолдарын, тарихи

оқиғаларды талдап түсіндіретін көсемсөздік мақалалар тізбегін беріп отыру.

Ол үшін Қазақстандағы белгілі әдебиетші, экономист, тарихшы ғалымдармен

жанды байланыс орнатып, журналға автор ретінде тарту;

- «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей Семей топырағындағы жарқын

істерді, экономикалық жетістіктерді, әдебиет, мәдениет, өнер саласындағы

үздіктерді Қазақстан халқына таныстыру;

- Мұражайлар мен мұрағаттардағы ел тарихына қатысты

материалдарды сол қалпында, бүгінгі түсінік тұрғысынан талдап жариялау;

- Түбіміз бір түркі әдебиетін, қиырда жүрген қандастар тағдырын

танытатын шығармаларды қазіргі қазақ оқырмандарына таныстыру. Әсіресе,

ең шұрайлы деген туындыларды сол елдің ғалымдарына сөз бере отырып,

талдап ұсыну;

- Қазіргі қазақ әдебиетінде көрінбей кеткен сын жанрын қайта қолға алу.

Өйткені, әдебиеттің болашағын безбендейтін осы жауынгер жанрды

теориялық тұрғыда негіздейтін белгілі сыншы, ғалым, философ, тарихшы

мамандарға саралатып ұсыну;

- Әлихан, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжан, Міржақып сияқты, тағы басқа да

алаш арыстарының шығармаларына кезінде кеңестік тұрғыда біржақты пікір

білдірілді. Мұрағаттардағы сол сөздерді сол қалпы ұсына отырып, қазіргі

көзқараспен таразылау. Ақиқат астарына ой жіберу;

- Ұрпақ тәрбиесі, ұлттық мүдде тұрғысынан, еліміздегі басқа

халықтардың намысына тимейтіндей ете отырып, қазақ жастарының

жүрегіне ұлтжандылық ұрығын себу;

- Нарықтық экономиканың тілін тапқан кәсіпкерлер мен қазіргі күнде

аяғынан тік тұрып өнім шығарып жатқан фирмалар, фабрика, зауыттар

басшыларының тәжірибесімен таныстыру, үлгі-өнеге етіп насихаттау;

- «Еңбек жоқ, қарекет жоқ, қазақ кедей» деген Абай сөзі әлі де

алдымыздан шыға береді. Сондықтан жұмыссыз жүрген ауыл жастарына

«егіннің ебін, сауданың тегін» үйрететін көсемсөздік мақалалардың маңызы

зор.

Сәттілік болсын. «Абай» журналы қалың оқырманын қуанта берсін.

«Абай» журналы қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге

ерекше үлес қоссын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай:

«Ақынның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің

негізі екенін, сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек,

Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн екенін атап өтті.

«Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының

кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге

жетелеуді мақсат тұтты».


Соңғы жаңалықтар