Мұрат Мұқаев БҚО мәслихатының төрағасы қызметіне сайланды

Фото: Фото: БҚО әкімдігі
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бүгін БҚО мәслихаты сегізінші шақырылымының алғашқы сессиясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші ұйымдастыру сессиясында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов сайлау қорытындысын жария етіп, депутаттарға куәліктерін табыс етті.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев сөз сөйлеп, депутаттарды құттықтап, оларға игі тілегін білдірді.

Сессия барысында депутаттық корпустың шешімімен Мұрат Рахметұлы Мұқаев облыстық мәслихаттың төрағасы болып бірауыздан сайланды.

Сонымен қатар тұрақты комиссиялардың мүшелері мен оның төрағалары да белгілі болды.

Мұрат Мұқаев 1969 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Фурманов ауданы Фурманов (қазір Жалпақтал) ауылында дүниеге келген.

Білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Мамандығы – бухгалтерлік есеп-экономист.

1992-2019 жылдары Фурманов ауданында мемлекеттік салық инспекциясының есеп инспекторы, менеджер, бухгалтер, БҚО кедендік бақылау саласында инспектор, бөлім басшысы, аумақтық басқару бастығының орынбасары, басшысы, Жәнібек, Теректі аудандары және Орал қаласының әкімі болып жұмыс істеді.

2019-2022 жылдары «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2022 жылдан бастап «AMANAT» партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысы, 2022 жылғы 22 желтоқсаннан бастап күні бүгінге дейін «AMANAT» партиясы БҚО филиалының төрағасы қызметін атқарды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО стратегия және экономикалық даму басқармасына жаңа басшы тағайындалғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар