Мұрат Әбенов сот орындаушыларының жұмысы қалай реттеліп жатқанын айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әділет органдарының қызметі мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Мұрат Әбенов елімізде сот орындаушыларының жұмысы қалай реттелгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сот орындаушыларына айтылған ең үлкен сын - олар көп жағдайда өзіне пайдалы істерді ғана алады да, мысалы алимент секілді пайдасы аз, жұмысы көп істерден қашады. Шын мәнінде барлық істер автоматты түрде бөлінуі керек. Негізінен автоматты жүйе арқылы қай сот орындаушыға қандай іс түсетіні белгісіз болуы тиіс. Біздің анықтағанымыз - сот орындаушылары шынымен де өте тиімді, тез арада ақша табуға болатын істерді алады, ал алимент секілді қоғамға керек, бірақ қиын мәселелер назардан тыс қалып қояды. Міне, бұл салада осындай мәселелер қордаланып қалған еді», - деді Мұрат Әбенов ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа отырысында.

Оның айтуынша, кей өңірлерде мыңдаған адам өзіне тиесілі қаражатын ала алмай жүрген.

«Қордаланған мәселелер бойынша қандай жұмыстар атқарылды? Бірінші кезекте сот орындаушыларының жұмысы, ішкі тәртібі қайта қаралды, басшылығы қайта сайланды. Сот орындаушыларының жұмысын прокурорлар тексеріп, көптеген кемшіліктерді анықтады. Әділет министрлігінің ұсынысымен көптеген қаржылай заңбұзушылықтар белгілі болды. Соның ішінде кей заттар өз бағасынан екі есе арзанға сатылды. Заңсыз жүйелер анықталды. Мысалы, жариялаған конкурстарды тоқтату, жасырын түрде өткізу, жұртқа білдірмей заттарын сатып жіберу секілді заңсыздықтар орын алып жатты», - дейді ол.

Мұрат Әбенов осыған байланысты өткен жылдың жазында отырыстар өткізілгенін тілге тиек етті.

«Басшылар өзгерді. Компьютерлік жүйе қайтадан ретке келтірілді. Соның ішінде сырттан бақылау жұмыстарына халықаралық деңгейде тексеру ұйымдастыратын шетелдік аудитор компаниялар тартылып, қазір жеке сот орындаушылары палатасының жұмысы қатаң бақылауға алынды. Мысалы, біз қоғамдық ұйым ретінде осы өзгерістерді қолдаймыз. Біз қалаған өзгерістер осы болды. Ұсыныстарымыздың орындалғанына көңілім толып отыр», - деді Мұрат Әбенов.

Айта кетсек, Әділет министрлігінде өтіп жатқан шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысуда. Алқа отырысы барысында ведомство өкілдері 2018 жылғы жұмысты қорытындылап, 2019 жылдың басым міндеттерін айқындамақ.

Соңғы жаңалықтар