Мұрағатта құпия сақталып келген әр құжатта адамның тағдыры жатыр – архив қызметкері

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақсатында атқарылған жұмыс нәтижесінде 8 мыңға жуық адамның құқығы қалпына келтірілді.

Алайда өңірде жазықсыздан «халық жауы» атанып, әлі күнге дейін ақталмағандар жетерлік. Архив мамандары бұған дейін құпия сақталып келген құжаттармен, облыстық басқарушы органдардың, прокуратураның, партияның құжаттарымен, түрлі ақпарлармен жұмыс істеп жатыр. ҚазАқпарат тілшісі осы жұмыстардың бел ортасында жүрген Ақжар аудандық архивінің қызметкері Жандос Мәдиқажыны сөзге тартқан еді.

- Жандос Мәдиқажыұлы, Қызылжар өңірінде төте жазу және латынша жазылған жазбаларды оқып, аударма жасай алатын санаулы маман болса, соның бірі өзіңізсіз. Бұл білімді қайда меңгердіңіз ?

- Негізі арнайы оқымағанмын, 1987-88-жылдары араб әліпбиі мен төте жазуды әкем үйреткен еді. Әкем өмір бойы фельдшер болып қызмет атқарды. Өзі 7-8 жасында ауыл молдасынан сауат ашып, соңынан екі ишан, бір хазіреттен білімін жетілдірілген, құран ілімін еркін меңгерген қари адам еді. Осылай әкем араб және төте жазу алфавитін маған үйрен деп жазып берді. Сол кезден көзімді үйретіп оқи бастадым. Әкем науқастарға рецептіні латын әрпімен, өзінің белгілеулерін төте жазумен жазатын. Сол жазбаларымен қатар Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Медицина туралы», «Қару жарақ туралы» трактаттарын қызығып оқитынмын. Араб алфавиті мен соның негізінде жазылған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуы екі бөлек. 1912-жылы қазақ балаларының сауатын ашу мақсатында қазаққа тән «ә», «ң», «ұ», «ү», «і», «г», «ө» әріптері кіргізіліп 35 әріптен тұратын алфавит жасалған. Осы алфавит 1928-29-жылға дейін қолданыста болып, содан кейін латын алфавитінде жазу нұсқасына өзгерді. Кейін 38-39-жылдардан бастан қазіргі қолданыстағы кирилл әрпіне көшті. Төте жазу мен латын жазбасының баспада жазылған нұсқасын көп адамдар оқи алады. Ал адамдардың жазған қолжазбасын айырып оқу өте қиын. Өзімнің қызық қасиетім бар, адамның қолжазбасын біраз қарағаннан кейін қиналмай оқып кетемін. Басқа адамдардан ерекшелігім де осы қабілетімде болар деп ойлаймын.

- Негізгі мамандығыңыз қандай ?

- Менің негізгі мамандығым музыка пәнінің мұғалімі. 1993-2000-жылдары Монғолияның астанасы Улан-Батордағы Моңғолия мемлекеттік педагогикалық институтын сырттай оқып бітіргенмін. Кейін ұлы көшпен Отанға оралып, 11 жыл Ақжар ауданы Тұғыржап ауылында, үш жылдай Талшық елді мекенінде музыка пәнінің мұғалімі болып, білім саласында жұмыс істедім. Биыл көктем айынан бастап аудандық архивтің қызметкерімін. Архив құжаттарын ақтарып, солармен жұмыс істеймін, қолжазбаларды аударамын.

- Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жер-жерде мемлекеттік комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде архив қызметкерлеріне айтарлықтай жүк артылған. Жазықсыз жала жабылғандарды ақтау бойынша атқарылған жұмыс аяқталуға жақын ба?

- Саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтауды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгеннен кейін өзінің алғашқы халыққа үндеуінен бастап жолға қойды. Әр облыс-аудандарда комиссия құрылып, жұмыс қолға алынды. Облыстық архивтің басшысы, комиссияның жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәліковамен қазір тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмын. Бұл кісі облысымызға танымал, архив саласында көптеген жыл қажымай-талмай ізденіп ғылыми жұмыспен айналысып келе жатқан өте білікті маман. Атқарылған, атқарып жатқан жұмыстар ұшан-теңіз. Әлі күнге дейін ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарының электронды мәліметтер базасы құрылып жатыр.

Президентіміздің тапсырмасымен келесі жылы күз айына дейін барлық облыс, аудандарда бұл жұмыс мәресіне жетпек. Өзім кездестірген құжаттардағы адамдардың барлығы стандартты түрде сотталып, дауыс құқықтары жойылған. «Жаптым жала, жақтым күйе» - дегендей асыра-сілтеуші шолақ белсенділердің көрсетуімен жасалғандығы анықталып отыр. Атқарылатын жұмыстардың бәрі уақыт еншісінде. Бұл жұмысқа әлі көп жыл ізденіс пен зерттеулер жасалып, солақай саясаттың талай жазықсыз кеткен құрбандары анықталып, ақталады деген ойдамын. Комиссия құрамында болмасам да сол жұмыстың дәл ортасында жүрмін деп айтуға болады.

- Бұрын өте құпия сақталып келген құжаттарға қолдарыңыз жетті. Сізді таң қалдырған жазбалар бар ма ?

- Әрине, архив - елдің өткен тарихы. Бұрын құпия сақталып келген әр құжатта адамның тағдыры жатыр. Жазбаларды оқып отырғанда дәл сол адамдардың арасында жүргендей сезімде болады екенсің. Архивтегі әрбір жазба мен үшін баға жетпес құнды. Революцияға дейінгі адамдардың өмір тіршілігінен, істеген жұмыстарынан мәлімет әр құжатта кездеседі. Қолжазбадағы қазақша сөз саптаулар, ескі мақалдардың сөйлемге кіргізіліп жазылуы, сонымен қатар кейбір құжаттарда бір адам жайында айтылғанда, оның жеті атасына дейін көрсетілген. Бұл, әсіресе, дүние-мүлкі конфискелеуге ұшыраған байларға қатысты.

- Қандай қызықты деректер таптыңыз?

- Жақында Мұқаметқали Нұрпейісұлы деген адамның төте жазумен жазылған хатын аудардым. Ол Қазақстан үкіметінің коммунист мекемелер кеңесінің 1929 жылы 27 тамыздағы қаулысы бойынша ірі бай саналып, дүние-мүлкі тартып алынып, өзі отбасымен жер аударылуы тиіс болған. Өзін ақтау үшін хат жазып, жағдайды түсіндірген ғой, айтуынша, әкесі Нұрпейіс 12 жаста әкесінен жетім қалып, шешесі екеуі қлған малмен күнелткен. Кейін үйленіп, балалары ержеткеннен кейін азын-аулақ мал жинаған. Нұрпейіс қайтқаннан кейін баласы оның малын қоса баққан. Осылайша екі үй – 11 жанның 130 қой-ешкісі болған. Бірақ оны бай санатына қосып жіберген. «Елге қайырымсыз, үкіметке көз қарасы нашар деп бағалайтын болса, 1921 жылы аштықта кедейлерге 15 қара сойып тамақ бермес едім», делінген хатта.

Облыс архивіне де барып жұмыс істеп жатырмын. Жаңылмасам облыс архивінде 700 мыңдай құжат сақталған екен. Қазақ елінің астанасы Орынбор болып тұрғандағы 1916 жылғы метркелік құжаттар, Ақмола губерниясымен Қарағанды, Көкшетау, Қызылжар уездік атқару комитеттері және жоғарғы сот жазбалары, 1916-37 жыл аралығындағы құжаттар, әр жылдардағы облыстық атқару комитеті, аудандық атқару комитеттерінің қаулы-қарарлары жазылған құжаттарымен жұмыс істедім. Амандық болса әлі де талай құнды құжаттарды кездестіретініме сенімім зор.

- 1921 жылы Қызылжар өңірінде халықтың толқуы болып, ол тарихта «Есіл көтерілісі» деген атпен қалғанын екінің бірі біле бермейді. Оған қатысқан 200-дей адам атылып кеткен екен. Осы оқиға жайында не айтар едіңіз ?

- Аудан және облыс архивінде бұл жөнінде өз басым әлі нақты дерек кездестіре алған жоқпын. «Қызылжардың шерлі тарихы» атты Сәуле Зейноллақызының үш томдық ғылыми зерттеу кітабын оқыған адам «Есіл көтерілісіне» қатысты өте көп мағлұмат пен деректер таба алады. Өз басым бұл көтерілістің соңы «қызыл» империяның Алаш арыстары мен жазықсыз жандарды қудалау науқанына алып барды деп топшылаймын.

- Осы бір жұмысты атқаруда қандай да бір қиындықтар болды ма ?

- Әр жұмыстың өз қиындығы болады ғой. Мұнда да солай. Көне құжаттар қаншама сырды сақтап жатыр, бұрын құпия сақталып келген құжаттарды ақтарып, оны аудару маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Мұнда қаншама адамның тағдыры жатыр ғой. Баспа әрпімен жазылған жазбаларды оқуға оңай. Қолжазбаны оқу өте күрделі, көп уақыт алатын дүние. Кей сөздер бұрмаланып жазылған, сондықтан мағынасын түсіну қиын. Мысалы, кей құралдар «трашпы», «лабарейка», «молотелка» деп жазылған. Сонымен қатар қаншама жыл шаң басып жатқан ескі құжаттарды ашып оқиын десең үлбіреп, жыртылайын деп тұр. Жұқа қағаздарды парақтап ашу өте бір қиын дүние екен. Бастапқыда бір бетті аударып шығу үшін екі-үш күн қиналған кездерім де болды. Қазір төселіп алдым.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар