Мундиаль-2018: Үржарлық ақын әр матчқа өлең арнап жүр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Үржар ауданында тұратын ақын Айжарық Абылқасымов Ресейде өтіп жатқан доп додасының әр матчына өлең арнап жүр. ҚазАқпарат тілшісі допқұмар ауылдастарын өлеңмен сусындатып жүрген шайырдың өзімен тілдесті.

Біз телефон шалғанда ол базардан құрылыс материалын алып жүр екен. Қолы босағанда өзі хабарласатынын айтты. Көп күткен де жоқпыз, ақеділ ақын әңгіме тізгінін ағытып әкетті.

Айжарық Әбілқасымов Жарбұлақ ауылында мұғалім болып жұмыс істейді. Әдеби ортаға «Сағынған көздің моншағы», «Жүректе бүгін сызат көп», «Махаббатым менің», «Ең бақытты шақтарым», «Көңілдария» жыр жинақтарының авторы ретінде танылған ұстазды ауылдастары спорт сарапшысынан кем көрмейді. Өйткені, ол әр ойынға өлең арнап қана қоймай, сайысқа түскен командалардың аяқ алысын таразылап, талдауды әдетке айналдырған.

«Футбол кешінен алған әсерімді ертеңінде оқушыларыма өлеңмен жеткізіп, солармен бірге ойындарды талқылап жүргенбіз. Кейін түнгі ойындарға ұйқысын қимаған үлкендер көшеде ұшыраса қалса, ойынның нәтижесін сұрайтынды шығарды. Кезінде айтыспен әуестенгендіктен, алған әсерімді өлеңмен жеткізу маған аса қиындық туғызбайды. «Ақсақал, бері келіңіз» деп шақырып алам да, ойынның қалай өрбігенін бейнелеп жеткізіп берем. ҰБТ тапсырған балалардың көңілін аулау үшін де сағаттап футбол жайлы әңгіме айтып бердім өткенде» - дейді ақын. Дегенмен, ол футбол чемпионатына арнаған өлеңдерінің бәрін шедевр туындылар деуден аулақ.

«Футболға арнаған өлеңдерімнің көбі әзілге құрылған. Сондықтан жазылған бойда ауыл балалары талап әкетіп жүр. Көбі есте қалмапты» - деп біраз ойланып тұрды.

«Алаңдатқан қос топ шықты алаңға,

Фантастика-футбол деген адамға!

Сай тасындай жігіттер тұр сап түзеп,

Толқын атқан тоқсан минут бар алда.

 

Сəтті күтіп серіппедей келесі,

Тына қалды тынымсыз сəт кеңесі.

Таутекедей баспен соққан жігітті

Сары қағазбен салқындатты төреші.

 

Толқып қалды толқын тобыр жан-жақта,

Тыныш əлі тымырайған тор қақпа.

Бура сандар бұрқылдатып соққанмен,

Оңай емес, олжа салу қармаққа!

 

Темір жілік тепті допты қайырып,

Ей, қорғаушым, қақпашының жайын ұқ!

Ойбайлайды осал жерін көргендей,

Өңшең қызба өңештерін айырып.

 

Ыршиды уақыт ыңғайға бір келмеген

Ырғалады стадион кернеген.

Жер шарының жарты тұсы өрекпіп,

Ұшып бара жатыр өмір желменен.

 

Тұрған жігіт тұлпар сынды қақпада,

Атылғанда ұқсайды ол оққа да.

Шаң қаптырған шабуылдың қиын-ай,

Топ еткізер торға допты жоқ шара!

 

Айып салды ақ төреші сотқарға,

Қарсыласын қарбаласта қаққанда.

Əй, əдіра қалар өмір былайғы,

Айып добын соғатұғын шақтарда!

 

Қадалған доп қалт еткізбей тұр көпті,

Бұдыр табан бұрыла кеп бұрқ етті!

Ортекедей орғып түсті қақпашы,

Қырсыққанда қара мұны, мүлт кетті!

 

Су кеуделер сырғып шығып сақтана,

Сусып барған сұқ саусақтай шаппаға.

Соңғы сəтте кер садақтай керіліп,

Солқ еткізді содыр допты ер жігіт,

Қыз үйіндей қырсығы көп қақпаға!

 

Гол!!!

Ұпай болды ұстарадай маңдайға,

Орта толды ойбай менен айқайға...

Аяқталды-ау ала доптың айқасы,

Ұқсап барып ұрандаған майданға». Бұл ақынның чемпионат басталар сәтте жазған өлеңі екен.

Ал Исландия мен Хорватияның тартысын былай деп өрнектепті:

«Міне, қара, мінез қандай Хорватта,

Алақтайды түлкі уақыт  жан-жаққа.

Батпан добы тулап жатыр Бадельдің

Ақтабандар ілінгендей қармаққа».

Голл!!!

Мынау Перишич, бір бағытта боп бәрі, Бұрқ еткізді тымырайған қақпаны!

Ұйпа-тұйпа жатыр батыр жігіттер,

Қандай қымбат өмірдің бұл шақтары!

Нигерия қақапасына Мессидің салған айып добы қақпа торымен бірге Айжарық ақынның жүрегін де бүлк еткізген сияқты:

«Қарашы, дос көңіліңмен көлем қып,

Футбол деген - биіктік пен тереңдік.

Аргентина абыройын сүйреген

Мессидікі - махаббатты шеберлік!

 

Ол классика  ала добын меңгеріп,

Дөңгелетті дүниені өңгеріп.

Нигерия-Аргентина ойыны

Есте қалды Ресейден жел келіп,

О, құдірет, Месси салған соққан сол голдан

Аспен мен Жер тұрғандай-ау тербеліп!».

Ақынның Бразилия құрамасын алға сүйреп жүрген Неймар мен Коутиньоға деген көңілі де алабөтен.

«Сүрінеді, не болды осы Неймарға?

Келе алмай жүр белгілі бір байламға.

Баста алға, Бразилия баласы,

Қыран болсаң, іліп әкет, ойланба»!

 

«Ух, тартылған ішке демің сәт қана,

90-минут қой бұл, жоқ шара!

Коутиньо соққан соңғы минутта

Бразилия сүңгіп кетті қақпаға!»

«Керек десеңіз, футбол да - поэзия! Шахмат, футбол, поэзия. Бұл үшеуі - қатты ұқсас дүниелер. Үшеуіне де бас керек, үшеуіне де мінез керек. Ал футболдың артықшылығы, мінез бен басқа физика үндесуі тиіс. Сол үшін футболды сүйем. Онда өмірге деген құштарлық, оптимизм бар. Жеңіліп жатқан команданың жеңісті жұлып әкетуі, Месси, Неймар сияқты шеберлердің жалғыз-ақ соққымен ойын тағдырын шешуі көркем туынды емей немене». Балдақ таянған ақын футбол туралы осылай ұзақ тебіренді. Оның 11 жыл бойы төсек тартып жатуы, жалпы қилы тағдыры өз алдына бөлек бір мақаланың жүгі.

Кейіпкеріміз биылғы дүрмекте кімнің топ жаратынын да болжап қойыпты.

«Менің болжамым бойынша финалға Хорватия мен Мексика шығады. Ал кубок Хорватияға бұйыруы тиіс» - дейді Айжарық ақын. Оны уақыт көрсетер...

Соңғы жаңалықтар