Мұнайшылар Аи-92 бензинінің қымбаттауына қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС баспасөз қызметі «ҚазМұнайГаз» жанармай бекеттеріндегі Аи-92 маркалы бензинінің қымбаттауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Компанияның мәлімдеуінше, жаңа көтерме бағамен алынған бензин сатылымға шығарылғандықтан, «ҚазМұнайГаз» жанармай бекеттеріндегі баға қымбаттаған.

«Бағаны мемлекеттік реттеу тоқтатылған соң, көтерме баға мен РФ импорт құны баға түзілімінің негізгі факторы болады. ҚР жалпы тұтынатын бензиннің  30%-ы Ресейден импортталады. Екінші тоқсаннан бастап, мұнай өнімдерінің көтерме бағасы қымбаттады. «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС әлеуметтік-бағдарлық баға саясатына сүйеніп, төмен бағамен алдын ала жинақтаған қорын сатылымға шығарды. Қор тауарлары сатылып бітті, енді жаңа көтерме бағамен алынған жанармай қымбаттырақ бағамен сатылады», - делінген «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС ҚазАқпарат тілшісінің сауалына берген жауабында. 

Сонымен қатар, компания «ҚазМұнайГаз» жанармай бекеттеріндегі бағаның әлі де нарықтық бағадан төмен екенін атап өтті. «Бөлшек сауда құны көтерме бағамен тікелей байланысты. Әзірге көтерме баға тұрақталды, бөлшек сауда құны да жақын арада бір қалыпқа түседі», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС «ҚазМұнайГаз» жанармай бекеттеріндегі бензин көлемі туралы әңгімеледі. «Өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда, АИ-92 сату көлемі 30% артқан. Сұраныстың көбейгенін ескере отырып, тұтынушылар қажеттілігін қанағаттандыру үшін ҚМГӨ жанар-жағармай материалдарын ұлғайту туралы өтінім берді, осылайша қорды тұрақтандыру мүмкіндігі пайда болды», - деді компания.

Бұған дейін Астанадағы «ҚазМұнайГаз» жанармай бекеттерінде Аи-92 маркалы жанармайдың қымбаттағаны хабарланған еді. Сұранысқа ие отын Астана мен Қазақстанның өзге қалаларында 5 теңгеге қымбаттаған. Енді оның 1 литрі 128 теңге емес, 133 теңгені құрайды. ҚМГ жанармай бекеттеріндегі Аи-95 бензинінің литрі 145 теңгеден сатылып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар