Мұнайлы және Қарақия аудандарындағы ауыз су тапшылығы: Жұмыс тобы құрылды

Фото:
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының Мұнайлы және Қарақия аудандарында ауыз су тапшылығы бар. Кейбір тұрғындарға су көлікпен жеткізіліп береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңір әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сәрсенбі күні облыс басшысы Нұрлан Ноғаев Мұнайлы және Қарақия аудандарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі жөнінде кеңес өткізді.

Облыс әкімі аталған екі аудан әкімдіктерінің бұл бағытта қажетті жұмыс атқармай отырғанын атап өтті.

Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, «Каспий» су тұшыту зауыты» ЖШС жазғы кезеңде жалпы қуаты тәулігіне 25 мың текше метр ауыз су өндіреді. Оның ішінде тәулігіне 12,2 мың текше метр ауыз су Мұнайлы, Қарақия және Түпқараған аудандарының тұрғындарына беріледі. Алайда, Мұнайлы және Қарақия аудандарына берілетін ауыз су көлемі төмендетіліп отыр. Бұған суды тазарту және тұшыту цехтарындағы сүзгілердің тұнба және құммен қатты бітеліп қалуы себеп.

Қазіргі таңда зауыттан Қарақия ауданына тәулігіне 1100 текше метр көлемінде ауыз су жеткізілсе, оның тәулігіне 700 текше метрі қабылдануда. Мұнайлы ауданына тәулігіне 5600 текше метр ауыз су беріледі, ал оның тәулігіне 3300 текше метрі алынады.

Яғни, сумен жабдықтау желілерінде су шығыны бар. Осыған орай, аталған мәселені анықтап, жою үшін жұмыс тобы құрылды.

Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырма берді.

«Қазіргі таңда кейбір тұрғындарға су көлікпен жеткізіледі. Бұлай мәселе шешілмейді. Өздеріңізді сусыз қалған тұрғындардың орнына қойып көріңіздер. Не істер едіңіздер? Бұл су жеке тұтынуға да, тұрмыстық қажеттілікке де жетпейді. Осыған байланысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне, «Каспий тұщыту зауытына», «МАЭК» ЖШС-ға, сондай-ақ Мұнайлы және Қарақия аудандарының әкімдеріне бұл мәселені бірлесе отырып, жұмыс тобының құрамымен тез арада шешуді тапсырамын», - деді Нұрлан Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар