Мұнайлы мекен көшелері жедел басқару орталығынан қадағаланады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 маусым - Қазақстан полициясы күні қарсаңында Атырау облысы, Жылыой ауданының орталығында жедел басқару орталығы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мəліметінше, Құлсары қаласында бой көтерген нысанда бір уақытта 500 камерадан көше қозғалысын бақылауға болады.

Салтанатты шараға Атырау облыстық ІІД бастығы полиция полковнигі Аян Дүйсембаев қатысты. Шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы жаңа нысанның қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталып, материалдық жабдықтау жалғасатынын айтты. Бейнекамералармен жабдықтау жұмыстарының алғашқы сатысында 250 бейнебақылау камерасы орнатылады.

Лента қию салтанатынан кейін сала ардагерлері бастап зәулім ғимаратты аралады. Төменгі қабатта орналасқан ату тирінен бастап «102» операторларының жұмыс орны, қару-жарақ сақтау қоймасы, мұрағат бөлмесі, бейнебайланыс мүмкіндігі бар мәжіліс залымен танысқан меймандар полиция қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.
null 

Облыста баламасы жоқ лазерлі-мультимедиялық жылжымалы нысандары бар ату тирінің мүмкіндіктеріне тоқталған Аян Дүйсембаев өңір басшысының қолдауымен бой көтерген жаңа нысан шағын қалаларды дамыту жоспарына сай салынғанын жеткізді.

«Полицейлердің жауынгерлік біліктіліктерін шыңдаумен қатар мұнда қызмет атқаратын 12 инспекторға аудандағы тұрақтылық пен қылмыстың алдын алуды ұйымдастыруға барлық мүмкіндік жасалған» деп сөзін қорытындылады облыстың бас полицейі.

Департамент бастығының сөзін тергеу саласының ардагері Таппатия Бекенов құптады.

«Бұрын 3 бөлімге ортақ 1 жазу машинкасын пайдаланатындықтан, күдіктілер топтап құрықталғанда қағаздарды басып шығару үшін кезекке тұратынбыз. Машинкада сия мен қағаз бітпесін деп тілейтінбіз. Өйткені, орталыққа баратын көлік көп артыла бермейтін. Бүгінгі күнге, жастар үшін қуанып отырмын»,- дейді зейнеттегі подполковник.

Жалпы аумағы 2500 шаршы метр ғимарат дербес жылу қазандығы мен генератор сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі үшін аса маңызды сыйымдылығы 50 тонналық су сақтайтын құтымен де қамтылған.

null 

Соңғы жаңалықтар