Мұнайды экспорттау арқылы пайда табу - ескі Қазақстанның жолы - Атамұрат Шәменов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мұнайдың болашағы мен оның қорына қатысты болжамдар алуан түрлі. Оның көпшілігі мұнай өндірісінің әлемдік көлемі таяу уақытта ең жоғары шегіне жетіп, одан кейін төмендей бастайды дегенге саяды. Бұл әлемдік экономикаға қатер төндіруі мүмкін дейді мамандар. Әсіресе, экономикалық көрсеткіштері мұнайға тәуелді Қазақстан секілді дамушы мемлекет үшін қара алтынға сұраныстың азаюы мен оның бағасының төмендеуі елдің дамуына кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты мұнайдың болашағы, оның ішінде Қазақстан экономикасына әсері жөнінде материал дайындауды жөн санап отырмыз.

Алдағы 20-30 жылда мұнай қазіргідей маңызын сақтап қала ала ма? Мұнай қоры қанша уақытқа жетеді? Көрші елдердегі геосаяси жағдай мұнай бағасына қалай әсер етіп отыр? Елдегі мұнай қорын қалай тиімді пайдаланамыз? Осы сауалдар төңірегінде жауап алу үшін экономика ғылымдарының докторы, Қазақстанның экология саласының үздігі Атамұрат Шәменовпен сұхбаттастық.

- Атамұрат Мөрәліұлы, бүгінде мұнайдың әлемдік деңгейде құнды тауар екенін жалпақ жұрттың бәрі біледі. Оның геосаяси жағдайға және әлем елдерінің басқару жүйесіне әсер етіп отырғанын көз көріп, құлақ естіп отыр. Сіздің ойыңызша, бұл жағдай алдағы 20-30 жылда да маңызын дәл осы қалпында сақтап қала ма?

- Алдағы 30 жылда мұнайға деген сұраныс бүгінгі күндей болмайды. Өйткені әлемдік жылыну процесіне кері әсерін тигізетін бұл энергия көзінің орнына электрді пайдалану, балама энергетикаға көшу үрдісі күшейе түседі деп ойлаймын. Себебі кез келген кәсіби сарапшылар бізде де, Ресейде де мұнайдың жаңа қоры табылып, ашылмаса, қара алтын қоры 30 жылдың төңірегіне дейін ғана жететінін біледі. Былтырлары Ресей мұнай қорын табу үшін бірнеше мәрте қазба жұмыстарын жүргізді, бірақ ешқандай кен орындары табылған жоқ. Ал осы 30 жыл ішінде біз мұнайды үнемдеп, шикізат есебінде емес, оған инвестиция тарту арқылы әр салаға қажетті дайын өнім шығаруды үйренуіміз керек еді. Мәселен, мұнайды қолданбайтын сала жоқ. Тамақ өнеркәсібі, косметика, киім – барлығына пайдалануға болады. Міне, осындай тұрмысқа қажетті заттарды өзіміз дайын өнім ретінде ұсынуды меңгерсек, мұнайды өндірудің тиімді жолы осы болар еді. Аталған бағытта Американың, Еуропа елдерінің жаңа технологиясын меңгеріп, пайдаланған жөн.

- Мұнайға қатысты пікір білдіретін зерттеушілер мен сарапшылардың сөзінше, әлемдік мұнай өндіру көлемі жақын арада максимумға жетіп, оның өндірісі азаяды екен. Бұл көмірсутекті отынға негізделген жаһандық экономикаға әжептәуір кесірін тигізіп, қауіп төндіретін көрінеді. Осы ахуалдың Қазақстан үшін салдары қандай болмақ?

- Әрине, Қазақстан үшін бұл қауіпті. Өйткені біз әртараптандырумен айналысып жатқан жоқпыз.

- Былтыр Қазақстан 65,7 млн тонна шикі мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 6,9%-ға аз. Ал экспорттың негізгі бөлігі тасымалданатын Каспий құбыр консорциумы Ресей арқылы өтеді. Консорциум арқылы Қазақстан мұнайының 79 пайызы экспортталады. Көршілес елдердегі геосаяси жағдайға байланысты мұнайды экспорттау көлемі азая ма? Ол біздің экономикамызға қалай әсер етуі мүмкін?

- Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты мұнай экспорты артады деп айта алмаймын. Өйткені Ресей-Украина арасындағы шиеленіс біразға созылып бара жатыр. Қазақстан мұнайды Ресей аумағы, яғни Каспий құбыр консорциумыарқылы экспорттап жатқаны белгілі. Қалай десек те, енді Қазақстан үшін мұнайды Ресей арқылы экспорттау қиындау болады. Бұрын біз мұнайды теңіз арқылы Грузияға, Түркияға, одан әрі Еуропа елдеріне шығаратын едік. Міне, қандай қиындықтар кездеспесін, осы жолмен мұнайды шетке шығаруға қайтадан талпыныс жасауымыз керек.

- Қазір санкцияларға байланысты біраз ел ресейлік мұнайдан бас тартып жатыр. Осыған байланысты кейбір мемлекет Қазақстаннан экспортталатын мұнай көлемін арттыруды көздеп отыр. Мәселен, Венгрия Қазақстаннан импорттайтын мұнай көлемін ұлғайтқан, яғни 16%-ы Қазақстанға тиесілі екен. Бұл Қазақстан экономикасының дамуына, ЖІӨ-нің артуына мүмкіндік бере ме?

- Бұл жағдай Қазақстан экономикасы үшін өте тиімді. Бірақ ескеретін бір жайт бар, біздің экспорт жолымыз тар. Қазір Еуроодақ елдері Ресей мұнайынан түпкілікті бас тартып не болмаса оны сатып алуға қарсы болып жатыр. Мұнайды сатып алатын басқа жолдарын іздестіруде. Осындай жағдайда, әрине, Қазақстанның мұнайына сұраныс көбейеді. Сондықтан қазір экономиканы әртараптандырып, тереңірек өңдеу жұмыстарын жүргізуге тырысуымыз қажет. Бірақ шынын айтқанда, оған шамамыз да жоқ. Сол себепті мұнайды тасымалдау диверсификациясын жолға қойып, жоғарыда атап өткенімдей, мұнайды экспорттау жолын түрлі бағытта қарастыруымыз керек.

Қазір Ресейдегі жағдайға байланысты біздің мұнайдың сапасы онша жақсы емес. Десек те шет мемлекеттер оны сатып алуға дайын. Өзіңіз айтып отырғандай, Венгрия мемлекетінің бізден сатып алатын мұнай көлемін арттыруы да осы сөзіме дәлел бола алады.

- Мұнайды көп өндіретін елдер мұнайдың экономикалық маңызы жойылмайтынын, ал оны сатып алып отырған елдер керісінше мұнайдың орнын ауыстыруға мүмкіндік барын айтып, жарыса жазып жатыр. Ал сіз мұнайдың болашағына қатысты не айтар едіңіз?

- Мұнайға қатысты түрлі болжамдар айтып, оның болашағын ақтап алуға әбден болады. Бірақ осы салада бірнеше жылдан бері еңбек еткен, зерттеген маман ретінде айтарым мынау: мұнайдың келешегі жоқ. Себебі ол – сарқылатын табиғи байлық.

- Бір пікіріңізде британиялық BP компаниясының қазіргі мұнай қоры 12 жылға жететінін айтасыз. Сол үшін олар өзінің саясатын өзгертіп, энергияның баламалы көздеріне, яғни күн сәулесін, жел күшін пайдалану арқылы сарқылмайтын энергия көздеріне баса назар аудара бастаған. Ресми деректерге сүйенсек, бізде 6,5 млрд тонна мұнай қоры бар екен. Осы тұста Қазақстандағы мұнай қоры қанша уақытқа жететінін топшылай аламыз ба?

- Мұнай қоры туралы рейтингте Қазақстан 2020 жылғы мәліметтерге сәйкес, 11-орында тұр, оның көлемі 30 млрд баррельді құрап отыр. Егер салыстыратын болсақ, рейтинг басында Венесуэла – 302,8 млрд баррель, одан кейін Сауд Арабиясы мен Канада тұр, сәйкесінше, оларда 267 және 167,9 млрд баррель. Ал мамандардың сөзінше, Қазақстандағы мұнай қоры әлі 30 жылға дейін жетеді. Бірақ бұл аса көп уақыт емес... Қазақстан үкіметі оңай жолмен кетті. Кетпеске де амалы жоқ болатын, тоқсаныншы жылдары мұнай саласын өркендетуге өз жағдайымыз келмегені рас. Өйткені мұнай ресурсының қожайындары басқа елдер болып қалды. Олар пайданы тез табуды ойлады, сондықтан көп қаржы салмай, шикізат сату тиімді еді. Әлі де солай. Шетел инвестициясының елге келуінің екінші маңызды жағы бар. Ол өзінің капиталын қорғау доктринасын сақтады, демек басқа бір ел қатер төндірсе олар көмекке келеді. Мысалы, Америка және Еуроодақ елдері компанияларының Қазақстан мұнайында өз үлесі бар. Мәселен, Chevron (Теңіз — 50 %, Қашаған — 16,81 %, Қарашығанақ — 20 %), Eni (Қарашығанақ — 25%, Қашаған — 16,81 %), Total (Қашаған — 16,81 %), ExxonMobil (Теңіз — 25 %, Қашаған — 16,81 %), Royal Dutch Shell (Қашаған — 16,81 %, Арман — 50 %) т.б. Қарап отырсаңыз, шетелдік 5 компания Қашаған мұнайының 84%-ын иемденіп отыр. Енді әр мемлекеттің өз бизнесін қорғайтыны туралы дәлел айтайын. Жақында АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі біздің елге келіп, Қазақстанның тәулсіздігі мен оның территориялық тұтастығына кепілдігін мәлімдеді, сол сияқты НАТО елдері, бауырлас Түркия президенті Ердоған да Қазақстан тәуелсіздігіне қауіп төнген кезде бірге болатынын айтты.

- Егер біздегі мұнай қоры жақын аралықта сарқылатын болса, Қазақстан қандай шараларды қолға алуы керек?

- Егер осы сұраққа келетін болсақ, ең тиімді қадам – экономиканы диверсификациялау, яғни әртараптандыру дер едім. Мұндай қадамды кеше, кеше емес, тіпті бұдан көп жыл бұрын ойластыру керек еді. Біздегі ең керемет балама – ауыл шаруашылығын дамыту. Бензин болмай, көлік тоқтаса, электромобильге мінуге болады. Одан да пайдалысы – велосипедпен жүру. Қоғамдық көлік, таксимен де жүріп, жұмыс бітіруге болады. Ал аш жүріп, жұмыс істей алмайсыз. Адам тамақсыз небәрі 8-10 күн жүре алады, ал сусыз 3-4 күннен соң өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан тағам мен су адамға бірінші кезекте қажет. Осыған және көптеген елдің экономикалық жағдайына байланысты әлемде азық-түлікке сұраныс артып келеді. Реті келгенде айта кетейін, Ресей мен Украинаның әлемдік астық экспортындағы үлесі 30%-ды құрайды, ал қазіргі жағдайға байланысты мұның орны ойсырап тұр. Қазақстан үшін бұл – үлкен мүмкіндік, әсіресе ЕО елдері мен Африка құрлығында астыққа деген сұраныс жоғары.

Енді мұнай мен бидай экспортын салыстырып көрейік. Жақында ғана бидай бағасы 1500 теңгеге өсіп, тоннасы 118 мыңнан 119,5 мың теңгеге дейін көтерілді, яғни 321,3 долларды құрады. Ал өзгермелі мұнай бағасын барреліне 115 доллар деп алайық, сонда оның тоннасы 847 АҚШ доллары болады екен, яғни екі еседен астам. Бірақ мұның маңызды жағы бар, мұнай қоры таусылады, ал бидайды ексең, шыға береді.

Қазір Қазақстан мұнайды бидаймен салыстырғанда он есе көп экспорттайды, оның түсімі бюджеттің 44%-ын құрайды, ал бидайдан түсетін пайда жеке кәсіпкерлер қалтасында қалады, ол 2 триллион теңгеге жуық қаражатты құрап отыр.

Мен көп жылдан бері азық-түлік қауіпсіздігі проблемасымен айналысып жүрмін. Сондағы басты ұсынысымның бірі – тауар өндірушілерді ірілендіру, мемлекеттің қатысы бар кооперациялық шаруашылықтарды құру. Әрине, бұл – ауқымды тақырып. Сондықтан мемлекет осындай жайттарды салыстырып, ескеріп отыруы қажет.

- Кейбір әлемдік сарапшылар күн, жел секілді баламалы энергия көзі мұнайды ығыстыруы мүмкін екенін айтады. Шынымен, әлем елдері толықтай мұнайдан бас тарта ала ма?

- Бұл мәселе енді келешектің еншісінде. Бірақ өркениетті елдердің барлығы дерлік ғаламдық жылынумен күресіп, аспанды көміртегі қоспаларымен ластауды азайтып, энергияның балама көздеріне көшіп жатыр. Бұл проблема жөнінде тоқсаныншы жылдары Киото протоколы жұмыс істесе, енді Париж келісіміне сәйкес әлем елдері күрес жолына түсті. Франция, Германия мемлекеттерінің жұмысы алдыңғы қатарда, бұрын АҚШ қарсы еді, енді ол да бұл проблеманы шешуге белсене кірісіп жатыр.

Ал компаниялар туралы айтсақ, мұнай саласындағы алыптардың бірі «British Petroleum» өндірісті алдағы он жылда 40%-ға қысқартып, босаған қаржыны жасыл энергияға жұмсайтынын айтты. Ол 2030 жылға дейін он есеге артып, 5 млрд долларды құрайтынын, 2050 жылға қарай атмосфераға улы заттарды шығару тіпті болмайтынын мәлімдеп отыр.

Бұл проблеманы мен жақсы білемін. Өйткені сонау тоқсаныншы жылдары осы мәселе әлемде алғаш рет көтеріліп жатқанда, Қазақстан бойынша 1992 жылдың көрсеткішімен қоршаған ортаның мониторингісі және климат ғылыми-зерттеу институтында менің басшылығыммен көмірқышқыл газының инвентаризациясы тұңғыш рет жасалған болатын.

- Мұнайдың ең көп қолданылатын жері – транспорт саласы. Қазіргі электрмен, сумен жүретін көліктер санының көбеюі «мұнай қажеттілігін азайтады» дейді мамандар. Ал дамыған елдер тек электромобильдерге көшу мақсатын қойып отыр. Мұндай өмір дағдысына біздің де біртіндеп үйрене бергеніміз жөн бе?

- Әрине.

- Қалай ойлайсыз, Қазақстанда мұнаймен байланысты қай салалар кенже қалып отыр? Артта қалған салаларды қалай дамытамыз?

- Ең бастысы мұнайды терең өңдеуге қол жеткізу керек. Сол арқылы көптеген жанар-жағармай түрін шығара аламыз. Олар: бензин, авиакеросин, ракеталық керосин, дизель отыны (солярка), қайықтарға арналған өнім (мазут пен солярка қосындысы), жылу пешіне арналған мазут. Қазақстанда отыз жылдан бері үш қана мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр, оның өнімі баяғыша шығарылып жатыр.

Мұнайдан бұдан басқа жүздеген өнімнің түрі алынады. Ең жақыны – химия, яғни пластмасса шығару. Ең көп тарағаны – пластикалық пакет, оны шығарған швед инженері Стен Густав Тулин екенін ұмытпағанымыз жөн. Тағы бір көп тараған өнім – полиамид талшықтарынан жасалған нейлон, бұл жеңіл өнеркәсіпте, балық шаруашылығында, автомобиль өндірісінде кеңінен пайдаланылады. Ал күнделікті өмірде тұтынатын сағыздың, кәмпиттердің, ваниль ароматының, аспириннің мұнай өнімінен алынатынын біреу білсе, біреу білмейді. Мен сонау кеңес дәуірінде Қазақстан үкіметінің аппаратында қызмет істедім, сонда Гурьев облысы (қазіргі Атырау) бойынша куратор болдым. Өңір өндірісімен танысып жүргенімде, мені қаладағы пластмасса зауытына апарған болатын. Сонда көргенім, зауыт әртүрлі пластикалық түйіршіктер шығарып, одақтың басқа зауыттарына жіберетін. Енді естіп те, көріп те жүрміз, елімізде тек ванна, леген, тостаған сияқты тұрмыстық заттар ғана шығарылып келеді. Өкінішті, әрине...

Жалпы инвестиция салып, дамытатын мұнайдың айналасында көп сала бар, ол сервистік қызметке керекті құрал-жабдықтар, айта берсе көп. Тек сансыз бағдарлама мен жол карталары емес, бізге нақты іс керек. Енді Жаңа Қазақстан құру жолында жаңа өнімдерді шығаруға жол ашылса, дұрыс болар еді.

- Мамандар болашақта мұнай саласындағы мамандардың жұмыссыз қалу қаупі барын айтады. Өйткені баламалы энергия көздерін пайдалану мұнайшылардың азаюына әкелмек. Сіздіңше, оның әлеуметтік салдары ауыр болмасы үшін не істеген жөн?

- Жалпы болашақта мұнай саласындағы мамандардың жұмыссыз қалу қаупі қазір байқалмағанымен, біртіндеп жүзеге асуы мүмкін. Бұл әлем елдерінің барлығы дерлік өткеретін жағдай деуге болады. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Қазір әр адамға білімі мен білігін жетілдіріп, басқа мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік көп. Тек бұл процесс аспаннан жай түскендей емес, жоспарлы түрде жүзеге асса болғаны. Сондықтан адамзат әрдайым білім алуға, жаңаны үйренуге талпынуы қажет. Сонда ғана жұмыссыздықтың әлеуметтік салдары ауыр болмауы мүмкін.

- Қазақстандық мұнайдың басым бөлігі шетелдік корпорацияларда екені көп айтылады. Осыған қатысты не айтар едіңіз?

- Жоғарыда АҚШ пен ЕО елдерінің мұнай саласындағы үлесі туралы мысал келтірдім. Ресейдің «Лукойл» және «Роснефть» компаниялары да Қазақстанда үлкен үлеске ие. Мәселен, «Лукойлдың» акциялары Теңізде 2,5%, Карашығанақта 15%, Солтүстік Бозашыда 25%, Қарақұдықта 62,5%, Арманда 50%, Солтүстік Құмкөлде 33%, Қожасайда 33%, Әлібекмолада 50%, Түпқарағанда 50%, Аташта 50% және Оңтүстік Жамбайда 12,5%-ды құрайды. Ал «Роснефть» Құрманғазыда 50% үлеске ие.

Қытай компаниялары болса, қазақстандық нарыққа 1997 жылы келді. CNPC (Қытай ұлттық мұнай корпорациясы) «Ақтөбемұнайгазды» (Жаңажол, Кеңқияқ) сатып алған болатын. Содан кейін 2001 жылы CNPC Buzachi Operating Ltd-ның (Солтүстік Бозашы) 50%-ын сатып алды, ал 2006 жылы ол PetroKazakhstan компаниясын сатып алған болатын. Қытайдың CITIC тобы «Қаражанбасмұнайдың» (Каражанбас) 50% акциясына ие болған. 2009 жылы CNPC «Маңғыстаумұнайгаздың» жартысын сатып алып, 2013 жылы Қашағанда ConoccoPhillips компаниясының 16,8%-ын сатып алды.

Сонымен қатар Азиялық Inpex (Қашаған – 7,56%), Mittal Investments (Қарақұдық — 37,5%, Солтүстік Бозашы — 25%, Оңтүстік Жамбай — 12,5 %), JNNK (Құланды — 50%), ONGC Videsh Ltd (Сәтбаев — 25%), Қазақтүрікмұнай (Сазтөбе, Елемес — 49%) компаниялары да Қазақстанда жұмыс істеп жатыр.

Казақстандық мұнай компаниялары бұл «Каспиан Тристар» (Өлі қолтық — 50%), Aday Petroleum (Адай), «Жалғызтөбемұнай» (Жалғызтөбе), Aral Petroleum (Арыс), «Толқыннефтегаз» (Толқын), «Қазполмұнай» (Боранкөл), «ХазарМұнай» (Солтүстік Придорожное), АНАКО (Қырықмылтық — 81%), «Еміройл» (Емір), «АЙ-ДАН МҰНАЙ» (Блиновское), «Көлжан» (Тұзкөл), Қызылқияның солтүстік-батысы, Галаз и Компания (Қоныс), Ақтау ТРАНЗИТ (Жангүрші, Төбежік), «Казнефтехим-Копа» (Таған) және басқалар.

Әрине, үкімет кейбір салалардың кем дегенде елу пайызына иелік еткені жөн. Өйткені мұнда экономикадан бөлек мемлекеттің қауіпсіздігі мәселесі бар.

- Ал енді отандық корпорацияларды құрып, қалай дамытамыз?

- Жалпы бір мәселе жайлы айтқанда, онымен байланысты бірнеше проблема да сөз болады. Шынтуайтында, біздегі ғылым саласының дамуы нашар. Бізде ғылымға жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 0,1%-ы төңірегінде қаражат бөлініп жүр. Ал Еуропа секілді өркениетті елдерде ғылымға бөлінетін қаржының көлемі 2-2,5 пайызға дейін жетеді. Сол секілді Израиль мемлекетінде бұл тіпті 4%-дан да асып кетеді. Сондықтан ғылым саласын жетілдіруге, дамытуға барынша мән беруіміз керек. Жаңа технологияны дамыған мемлекеттерден алуымыз қажет, үйренуіміз керек десек, олардың мұны бізге беруі екіталай. Егемендікті алған алғашқы жылдары қыруар қаржы жұмсап алған технологиямыз кешегі күннің, яғни ескі технология болып шықты. Сол себепті қазақстандық ғылымды дамытуға күш салуымыз керек. Бізде талантты жастар бар, шетелде білім алған қыз-жігіттер бар. Соларға инвестиция салып, жастардың күш-қуатын, білімі мен білігін пайдаланып, Қазақстанның өзінде жаңа технология жасап шығаруды қолға алу қажет. Мұнайды экспорттау арқылы пайда табу – жаңа Қазақстанның емес, ескі Қазақстанның жолы. Сондықтан жаңа Қазақстанда жаңаша жүруіміз керек, жаңаша ізденісте болуға тиіспіз.

- Израильдық тарихшы Юваль Ной Хараридің мынадай сөзі бар: «Мұнайға бай, алайда озбырлар билейтін, ішкі кикілжіңдері шешілмеген әрі жемқорлыққа шалдыққан мемлекет ешқашан байымайды» деген. Осы пікірмен қаншалықты келісесіз?

- Толықтай келісемін.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Назерке Сүйіндік


Соңғы жаңалықтар