Мұнайдан республикалық бюджетке түсетін қаржы азая береді – вице-министр

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2023 жылға арналған республикалық бюджет түсімі - 17,8 трлн теңге. Бұл туралы Мәжілісте «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған ҚР Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 17,8 трлн теңгені құрайды. Осы жылдың жоспары 2 трлн теңгеге ұлғайтылды. Мұнай түсімдерінің үлесі біртіндеп төмендеп келеді. Мәселен, биылғы 40,2 пайыздан 2025 жылға қарай екі есеге, 21,8 пайызға дейін төмендейді. 2023 жылы мұнай секторынан түсетін түсім 5 трлн теңгені құрап, 1,4 трлн теңгеге азаяды. Одан әрі де төмендей береді», - деді ол.

Оның дерегінше, 2023 жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт - 2,2 трлн теңгені, ал мақсатты трансферт - 1 трлн теңгені құрайды.

Ал 2024 жылға 400 млрд теңге қарастырылған. 2025 жылға трансферт жоспарланып отырған жоқ.

«Өткен жылы Есеп комитеті мен Президент Әкімшілігі тарапынан бюджеттің ағымдағы іс-шараларына Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт бағыты бойынша ескертулер айтылды. Осыған байланысты, үш жылдық бюджет аясында Ұлттық қордың нысаналы трансферті есебінен жоспарланған шығыстар бағыттары қайта қаралды. Нәтижесінде, бұл қаражат «Жайлы мектеп« ұлттық жобасын іске асыруға, жеке тұлғалардың ұлттық валютада орналастырылған депозиттері бойынша өтемақы төлеуге, газ тасымалдау және көлік жүйесін дамыту, сумен жабдықтаусынды маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталады», - деді Татьяна Савельева.


Соңғы жаңалықтар