Мұнай тасымалдаудың басқа балама бағыттары пысықталып жатыр – ұлттық компания

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Әзербайжан арқылы мұнай тасымалдау туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚазМұнайГаз қазіргі уақытта мұнайды Каспий құбыр консорциумы жүйесінен басқа бағыттар арқылы да экспорттауда. Атап айтқанда, Атырау-Самара, сондай-ақ Қытай бағытындағы Қазақстан-Қытай құбыры, Ақтау порты (Махачкала/Баку) бағыттары қолжетімді. Сонымен қатар компания мұнайды тасымалдау бағыттарын әртараптандыру бойынша қосымша жұмыстар жүргізуде. Мұнай тасымалдаудың басқа да тиімді балама бағыттары қазіргі уақытта пысықталып жатыр»- делінген компанияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Айта кетсек, әлемдік Reuters агенттігінде Қазақстан Әзербайжан аумағымен өтетін мұнай құбырлары арқылы жылына 1,5 миллион тонна мұнай экспорттауды жоспарлап отыр деген сыңайда мақала жарияланды.

Бұл ретте Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай экспорттауды жоспарлап отыр деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Ақпараттық ресурста айтылып жатқан көлеммен біздің экспорттық бағыттағы проблеманы шешу ақылға сыймайды. Неге? Өйткені, біріншіден, аталған бағытпен 1,5 млн тонна мұнайды экспорттау қазіргі ахуалды айтарлықтай жеңілдетпейді. Екіншіден, біздің министрлікте дәл мұндай келісімге қол қою жоспары жоқ», -деді министр.

Оның үстіне бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдау ісін әртараптандыруды маңызды міндет деп атап, тиісті тапсырма берген еді.





Соңғы жаңалықтар