Мұнай өнімдерін өткізу кезінде делдалдарға тосқауыл қойылады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру процесінің ашықтығы мен айқындығы қағидатын енгізу ескерілген. Ондай жобаларды іске асыру кезінде монополияландыруды болдырмау мақсатында оларды Монополияға қарсы органмен міндетті түрде келісу қарастырылған», - Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұсынысы негізінде заң жобасында:

- бос лауазымға тікелей тағайындау;

- Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен «Б» корпусының лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын келісу;

- мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін тоқсан сайын бағалауды енгізу бойынша бірқатар түзету көзделген.

Министрдің айтуынша, заң жобасында уәкілетті экономикалық операторлардың қызметін қатаңдатуға бағытталған қосымша талаптар жүктелген.

Құжат аясында «Табиғи монополиялар туралы» Заңға бірқатар түзету енгізілген.

«Жанар-жағармай саласын реформалау блогы бойынша көтерме сауда жеткізушілеріне қойылатын талаптарды қатаңдату жолымен мұнай өнімдерін өткізу кезінде делдалдарға тосқауыл қоятын түзетулер ұсынылады. Заң жобасында тауарлық газды бөлек есепке алуды жүргізу үшін ірі коммерциялық кәсіпкерлер және цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар санаты тауарлық газдың жаңа тұтынушылары ретінде айқындалады», - деді ведомство басшысы.

Мұнымен қоса, заң жобасында сауда қызметі саласындағы уәкілетті органға:

- әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін әзірлеу;

- жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау үшін сауда саласындағы нысаналы индикаторларды есептеу әдістемесін бекіту;

- халықты сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативтерін айқындау қағидалары мен әдістерін бекіту бойынша өкілеттіктерді беру қарастырылған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Самұрық-Қазына» қорының қызметін ашық жүргізуге арналған өзгерістер енгізіліп жатыр.

Сонымен қатар, салық түсімдерінің кейбір түрлері өңірлерге беріледі.


Соңғы жаңалықтар