Мұнай өндіру бойынша теңіз жобаларына серпін беріледі - Бозымбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай өндіруге қатысты биылғы жоспарларды жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы теңізде мұнай өндіру бойынша бірқатар жобалар қолға алынады. Сондықтан осы саладағы жұмыстар күшейе түседі.

«Біз Салық кодексіне жаңа нормаларды енгіздік. Соның арқасында теңіз жобаларын жаңғыртуға мүмкіндік туды. Мәселен, «Eni» компаниясының Исатай және Абай жобаларына кіруі бар. Өткен жылы қараша айында «Лукойл» мен «ҚазМұнайГаз» тиісті құжаттарға қол қойып, Жеңіс жобасын қаржыландыруға келісті. Ал Хазар мен Қаламқас теңіз жобаларын бірлесіп игеру бойынша биыл біз инвесторлардан жоспар мен бюджеттің жобасын күтіп отырмыз. Аталған құжаттарды алғаннан кейін нақты жоспарымызды айта аламыз. Бұл дегенміз, биыл елімізде теңіз жобаларына серпін беріледі», - деді Қ.Бозымбаев қоғамдық кеңестің отырысында.

Оның айтуынша, биыл Қазақстанда 89 миллион тонна мұнайды өндіру жоспарланған. Өткен жылы аталған көрсеткіш 90,3 млн тонна болған. «Иә, мұнай өндіру көлемі азайып отыр. Себебі ескі кендерде, әсіресе, Қызылорда облысында мұнай өндіру төмендеді. Ол, шамамен, 1 миллион тонна. Дегенмен, министрлік мұнай өндіру көрсеткішін төмендетпеуге тырысады», - деп атап көрсетті Қ.Бозымбаев.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста министр отандық бензинді көрші мемлекеттерге экспортауды бастайтынын айтты.

Соңғы жаңалықтар