Мұнай өндірісін төмендету бойынша көшбасшы ел аталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ОПЕК-тің Бас хатшысы Мухаммед Баркиндо Сауд Арабиясын мұнай өндірісін төмендету бойынша көшбасшы мемлекеттердің бірі деп санайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сауд Арабиясын қоса алғанда, ОПЕК-тің кейбір мүшелері мұнай өндірісін азайту бойынша көшбасшы елдердің біріне айналды», - деп келтірді Баркиндоның сөзін Bloomberg агенттігі.

30 қараша күні ОПЕК сегіз жылда алғаш рет мұнай өндірісін 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1,2 млн. баррельге дейін азайту шешімін қабылдады. Көптеген шолушылардың пайымынша, егер барлық тараптар уағдаласқан келісімді бұзбайтын болса, мұнай бағасы 2017 жылы тағы көтерілуі мүмкін, деп жазады «Ведомости» газеті.

Citigroup шолушыларының бағалауы бойынша, екінші жартыжылдықта Brent маркалы мұнай бағасы 60 доллар және одан да жоғары болуы ықтимал. Нарықтағы мұнай тапшылығы тәулігіне 0,6-0,7 млн. баррельге жетпек. Дегенмен, 2017 жылдың соңына қарай қара алтынның бағасы неғұрлым жоғары болса, 2018 жылдың аяғында ол соғұрлым төмендейді. Себебі АҚШ өндірушілері өндіріс қуатын арттыратын болады.

Бұған дейін Ирактың (ОПЕК-те мұнай өндірісі бойынша Сауд Арабиясынан кейін екінші орында тұрған ел) Мұнай өнеркәсібі министрлігінің басшысы Джаббара аль-Лаиби 5 қаңтар күні ел мұнай өндірісін қысқарта бастағанын мәлім еткен болатын. Ирак өндіріс көлемін 210 мың баррельге дейін, яғни 4,5 пайызға азайтуға уәде етті.

Өндіріс көлемін азайту жөнінде картельге енбейтін мемлекеттер де мәлімдеуде. Мәселен, Қазақстан мұнай өндірісінің орташа айлық көлемін 1,68 млн. баррельге дейін шектейді.

«Төмендеу Қазақстан үшін символдық десек те болады. Қазақстанның қарашадағы тәуліктік мұнай өндіру көлемі 1,7 млн. тоннаны құрағандығын ескерер болсақ, 20 мың тонна - бұл іс жүзінде символдық төмендеу. Қарашада біздің еліміз рекордтық мұнай өндірді. Бұл осы жылы Қаршығанақ пен Теңіз кен орнындарының  күрделі жөндеуден өтуіне, бұған қоса, Қашағанның қатарға қосылуына байланысты жайт»,-  деді министр.  

«Қаңтар айында мұнай баррелі 60 доллардан астатын болса, біздің бюджетімізге де, Ұлттық қорымызға да әжептәуір салық түсетін болады. Өйткені, қазіргі таңда бюджетте мұнай бағасы 35 доллар болып белгіленген», - деді Бозымбаев. 

 

Соңғы жаңалықтар