Мұнай өңдеу тізбегін бірнеше кәсіпорынға бөлшектеу арқылы баға қолдан қымбаттатылған - Серік Жұманғарин

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мұнай өңдеу тізбегін бірнеше кәсіпорынға бөлшектеу арқылы баға қолдан қымбаттатылған. ҚР Бәскелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде осындай мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұнай және мұнай өнімдері нарығында тікелей интеграцияланған компаниялар негізгі ойыншы болып отыр. Бұл жерде CNPC компаниялар тобы мен «Қазмұнайгаздың» үлесі 80 пайыз.

Мұнай және мұнай өнімдері нарығын «ұңғымадан бензин колонкасына дейін» қағидаты бойынша жұмыс істейтін тікелей интеграцияланған компаниялар түзіп отыр. Бұл жерде CNPC компанияларының тобы мен «Қазмұнайгаз» мұнай 80%-ын өндіреді. Оны өздерінің мұнай өңдеу зауыттарында қайта өңдеп, Petrosun, ҚМГ, Petroleum Operating сияқты тарату компаниялары арқылы Sinooil, Petro Retail, Автогаз Трэйд (GazEnergy) сияқты үлестес және ірі компанияларға жанармай түрінде сатады.

Жалпы, ішкі мұнай нарығындағы баға нарықтық емес жолмен қалыптасады», - деді агенттік төрағасы.

Оның мәліметі бойынша, ішкі нарыққа берілетін мұнай бағасын реттеудің жасырын тәсілі қолданылып отыр.

«Бағаны айқындау мұнай өнімдері себетінің құнын кері есептеу негізінде жүзеге асырылады. Басқаша айтқанда, мұнайды сатып алу бағасы мұнай өнімдеріне оңтайлы баға белгілеу арқылы қалыптасады.

Орталықтандырылған сауда мен нарықтың биржалық индикаторларын қолданбай тікелей шарттар қолданылады.

Бұл ретте, қайта өңдеудің негізгі үлесі «CNPC» және «Қазмұнайгаз» компанияларына тиесілі. Бұл мұнай өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда нарықтарында бәсекелестікті дамыту мүмкіндіктерін шектейді.

Оған қоса отандық мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеудің біртұтас технологиялық циклын бөлшектеп жіберген. Осылайша, бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі зауыт сақтау паркі мен құю эстакадаларын үшінші тұлғаларға өткізіп жіберген. Бұл зауыттан шыққан сұйытылған газдың бәрі «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-нің қоймаларына тікелей барып түседі», - деді Серік Жұманғарин.

Осылайша мұнай өңдеу технологиясын бөлшектеу арқылы пайда болған үстем позицияға ие компанияның кесірінен өнімнің түпкілікті құны артып отырған көрінеді.

Агенттік басшысының айтуына қарағанда, көтерме нарықта да мұнай мен мұнай өнімдері түрлі кедергілер арқылы қолдан көтеріліп келген.

«Көтерме сауда нарығында негізгі мұнай жеткізушілер – «Petrosun» ЖШС, «Petroleum Operating» ЖШС болғанымен, «Қазмұнайгаз» АҚ ішкі нарыққа жеткізілетін мұнайдың 80%-ын алып сатып алып отыр. 11 млн тонна мұнай өнімдерінің үштен екісі тікелей бөлшек сауда желілеріне, үштен бірі негізінен қандай да бір инфрақұрылымы жоқ қайталама көтерме сауда жеткізушілеріне сатылады.

Тікелей шарттар қолдану арқылы биржалық сауда ішкі нарықтың жалпы көлемінің 10%-на ғана таралады.

Мұндай жағдайларда ірі мұнай жеткізушілердің маржиналдылығы 30%-ға, ал үлестес делдалдардікі 10-15%-ға жетеді», - деді Серік Жұманғарин.


Соңғы жаңалықтар