Мұнай мен газдың стратегиялық қорын қалыптастыру қажет - сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға қарай солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру аяқталмай қалады. Бұл туралы бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында сенатор Ерік Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сарыарқа» магистральдық газ құбыры құрылысының баяу қарқынын ескере отырып, 2025 жылға қарай бұрын жоспарланғандай, солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыруды аяқтау мүмкін болмайтыны анық. Бүгінгі таңда газдың болмауы инвестициялар тарту, жаңа өндірістер құру, халықты жұмыспен қамту және өңірлер мен тұтастай елдің экономикасын дамыту үшін басты тежеуші факторлардың бірі болып отыр. Сондықтан, қалыптасқан ағымдағы жағдайды ескеріп, ұлттық және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін өңірлерді газдандырудың қолайлы нұсқасын көздеу ұсынылады», - деді ол.

Сонымен қатар сенатор елдің солтүстік және шығыс облыстарын Ресей Федерациясының Ишим және Барнаул қалаларынан газдандыру бойынша бұрын пысықталған жобаларды қайта қарау керектігін алға тартты.

«Осы мәселелердің барлығын газ саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарында көрсетуді ұсынамыз, сәйкесінше оны бекітуді жеделдету қажет. Сондай-ақ әлемнің көптеген елдері сияқты жеке нормативтік құжат қабылдау арқылы мұнай мен газдың стратегиялық қорын қалыптастыру қажет. Мұндай шара елдің энергетикалық қауіпсіздігінің іргетасы, ықтимал экономикалық қиындықтар жағдайында қорғаныс тетігі болады», - деді Ерік Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар