Мұнай мен газ саласына инвестиция артты - Әлібек Қуантыров

Фото: Ашық көздерден алынған фото
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мұнай мен газ саласына инвестиция өсіп келеді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, әлем елдерінде инвестициялардың салалық құрылымы өзгерді. Бұл тұрғыда мұнай мен газ саласына инвестиция өсті. 2020-2021 жылдары инвестиция 7 еседен астам қысқарды. 2022 жылы геосаяси жағдайларға байланысты мемлекеттер осы бағыттағы инвестицияларды ұлғайта бастады. Оның деңгейі іс жүзінде 2019 жылғы көрсеткішке дейін жетті.

«Күрделі сыртқы жағдайларға қарамастан, 2022 жылы Қазақстанда экономиканың нақты өсуі 3,2% болды. 18 пайыз өсімді ескере отырып, елге 28 млрд АҚШ доллары сомасында тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш 2012 жылдан бері рекордтық деңгейде», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 8%-ға өсті. Сыртқы сауда айналымы 32 пайызға өсіп, 134 млрд доллар болды.

«Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27%-ға өсіп, 1,8 млн-нан асты. Осы салада жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13%-ға артып, 3,9 млн адамға жетті. Нәтижесінде, экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 33,5%-дан 36%-ға дейін өсті», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда шетелдік инвестицияның басым бөлігі шикізат секторына бағытталып жатыр.


Соңғы жаңалықтар