Мұнай-газ саласында жарты жылда 3 240 жұмыс орны құрылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы жарты жылда мұнай-газ саласында 3 240 жұмыс орны құрылды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің батыс бөлігінде мұнай-газ-химияны дамыту үшін қажетті көмірсутек шикізатының кен орындары шоғырланған. Мәселен, Атырау облысында биыл қуаты жылына 500 мың тонна болатын әлемдегі ірі полипропилен өндірісінің бірін іске қосу жоспарланып отыр. Осы жылдың 2-ші жартыжылдығында өнімнің 1-ші партиясын алу көзделген», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның дерегінше, 2024 жылға дейін Атырау облысында Қашаған кен орнынан алынатын шикізат базасында қуаты 1 млрд текше метр шикі газ шығаратын газ өңдеу зауытын және Батыс Қазақстан облысында қуаты жылына 130 мың тонна метанол өндіру зауытын салуды аяқтау жоспарланған. Бұдан басқа, қуаты жылына 1,2 млн тонна полиэтилен және жылына 186 мың тонна бутадиен өндіру жобалары пысықтаудың әртүрлі сатысында тұр.

«Осы жобаларды іске асыру аясында тартылатын инвестиция сомасы шамамен 14 млрд АҚШ долларын құрайды және 2025 жылға дейін 14 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады. Осы жылдың 1-ші жартыжылдығының қорытындысында мұнай-газ саласында 3 240 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін қосымша 689 жұмыс орнын құру жоспарланған», - деді Болат Ақшолақов.


Фото: ortcom.kz





Соңғы жаңалықтар