Мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанмен қатар Қырғызстан және Өзбекстанға да кері әсерін тигізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанмен қатар Қырғызстан және Өзбекстанға да кері әсерін тигізді.

Бұл пікірді «Астана» клубының екінші отырысы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген АҚШ-тың Карнеги қоры Ресей мен Еуразияны зерделеу бағдарламасының аға ғылыми қызметкері Пол Стронски білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз халықаралық қатынастардың басты проблемаларын, олардың Орталық Азия өңіріне, оның ішінде нақты Қазақстанға ықпалын талқыладық. Мұнан бөлек, болашақтың проблемаларын да қозғадық. Оның ішінде экономикалық мәселелер мен терроризм проблемасы, бұл проблемаларға түрлі мемлекеттердің қарсы әрекет ету мүмкіндіктері де сөз болды. Мен бұл жердегі экономикалық проблемаларды және оның қарапайым адамға қалай әсер ететіндігін жете білдім. Бұл мен үшін қызықты еді», - деді шетелдік сарапшы.

Сонымен қатар ол Астана клубы сынды сұхбат алаңының маңыздылығын атап өтті.

«Америка, Еуропа, Қытай, Орталық Азияның барлық сарапшылары бас қосып, жаһандық күн тәртіптегі өзекті мәселелерді түрлі көзқарас тұрғысынан талқылауы сирек кездесетін жайт. Мен үшін олардың пікірлерін тыңдау пайдалы болды. Мұнда Үндістан мен Ираннан да сарапшылар келген. Америкалық ретінде мені ирандықтардың сараптамаларын тыңдау барынша қызықты. Бүгінгі күні сарапшыларды алаңдататын басты мәселе мұнай бағасының төмендігі мен өңірдегі экономикалық және саяси  тұрақтылық болып отыр. Бұл мұнайлы мемлекет саналатын Қазақстан үшін ғана емес, сонымен бірге қара алтыны жоқ болса да экономикалық проблемалары бар көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанға да маңызды», - деді Стронски.

Айта кетерлігі, кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев клуб отырысына қатысып, сөз сөйлеген болатын. Ал клубтың бүгінгі отырысына әлемнің 50-ден астам сарапшысы, саяси және қоғам қайраткерлері, 21 елдің ғалымдары, сонымен бірге жетекші қазақстандық сарапшылар қатысуда. Клуб отырысына қатысушылар «Еуразия тоғысында: Өңірлік проблемаларға негізгі әлемдік ойыншылардың көзқарасы», «Еуразия ресурстары: «Алтын ғасырдың» соңы ма?», «Еуразия адамдары: тұрақсыздық көзі ме әлде байлық көзі ме?» сынды сессияларда Еуразия өңіріне қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауда. Астана клубы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының жетекші халықаралық ғылыми орталықтар Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы, Германия сыртқы саясат кеңесі, Ресей халықаралық істер кеңесі және Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорымен бірлесіп құрған халықаралық пікірталас алаңы саналады. Астана клубының бірінші отырысы 2015 жылғы қарашада әлемнің 15 елінен келген 47 сарапшының қатысуымен өткен еді. Оның барысында Еуразия геоэкономикасының негізгі аспектілері, ғаламдық және өңірлік ойыншылардың мүдделері, экономикалық қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктер мәселелері талқыланған болатын.

Соңғы жаңалықтар