Мүмкіндігі шектеулі жандар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 230 мың қызмет алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылы мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 230 мыңнан астам қызмет алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жылдың басынан бастап 158 мыңнан астам мүгедектігі бар адам әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалтудың техникалық құралдарын, 6 мыңнан астамы ымдау тілі қызметтерін, 31 мыңнан астамы жеке көмекшінің қызметтерін, 40 мыңға жуығы санаторлық-курорттық емдеу алды және 131 мыңнан астам адам кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға тапсырыс ресімдеді.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.

Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады.

Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінгі күні порталда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 863 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), 142 ОТҚ жеткізуші, жеке көмекші қызметтерін ұсынатын 13 мыңнан астам жеткізуші, ымдау тілі қызметтерін ұсынатын 250 жеткізуші, санаторлық-курорттық емдеу ұсынатын 66 жеткізуші, кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсынатын 135 жеткізуші тіркелген.

2020 жылғы 29 желтоқсаннан бастап электронды үкімет порталында (eGov.kz) мүгедектігі бар адамдарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік қызметтерін көрсетуге электрондық өтінім беру мүмкіндігі іске асырылды.

Осы кезеңде электронды үкімет порталы арқылы оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге 190,7 мыңнан астам құжат ресімделді.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған.

Порталды пайдалану бойынша кеңесті қолдау орталығынан 1414 бірыңғай нөміріне қоңырау шалып, тілді таңдау және 4 санын басу арқылы алуға болады.


Соңғы жаңалықтар