Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары: Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған заң жобасы Мәжілісте биыл 26 мамырда бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

Заң жобасы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның нормаларын қолданыстағы заңнамаға имплементациялау, сондай-ақ Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды іске асыру мақсатында әзірленді.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мәліметінше, Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар бірқатар түзетулер енгізді, олар:

- мүгедектік тобы белгіленген мүгедек балаларға жоғарылатылған жәрдемақылар тағайындау мерзімдерін айқындауға;

- бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты ұқсас жәрдемақы алатын адамдарға мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау тәртібін оңайлатуға бағытталған. Осы мақсатта депутаттар нормалар қабылдады, бұл нормаларға сәйкес мұндай адамдарға бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақы мемлекеттік органдардың немесе ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер негізінде қайта тағайындалатын болады;

- мүгедектерді Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы көмекші құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету, сондай-ақ табысы аз отбасыларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсыну процестерін жетілдіруге бағытталған.

Сонымен қатар, мүгедектің мұқтаждарын айқындаудың жеке-дара тәсілін қамтамасыз ету үшін заңнамалық негіз қалыптастыру мақсатында депутаттар толықтырулар енгізеді, онда:

мүгедектің техникалық көмекші құралдарға, арнаулы жүріп-тұру құралдарына (техникалық оңалту құралдары), көрсетілетін қызметтерге қажеттіліктерін бағалауға сәйкес мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасын жасау;

ҚР Үкіметіне мүгедектің қажеттіліктерін бағалау тәртібін бекіту бойынша қосымша құзыретін беру көзделеді.

Заң жобасын екіұдай түсінуді болғызбайтын және оны Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, заң техникасы қағидаларына сәйкес келтіруге бағытталған редакциялық және нақтылаушы сипаттағы бірқатар түзетулер енгізілді.

Заң жобасында 16 заңнамалық актіге, оның ішінде 2 кодекске (Қазақстан Республикасының Еңбек, Бюджет кодекстеріне) және 14 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.


Соңғы жаңалықтар