Мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі заң қабылданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасының басты мақсаттарының бірі - мүгедектігі бар адамдарды, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларды, еңбек ардагерлерін және азаматтардың өзге де жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау жөніндегі заңнаманы жетілдіру. Заң жобасын қабылдаудан күтілетін нәтижеге тоқталсақ, мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту, қолданыстағы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушыларға қатысты әлеуметтік әділеттілік орнату, мүгедек балалардың барлық топтары үшін аурудың ауырлық дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшерін арттыру болып отыр», - деді сенатор Нариман Төреғалиев.

Оның айтуынша, заң жобасы бойынша Сенаттың тұрақты комитеттерінен ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ.

«Баяндалғанды ескере келе, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдауды ұсынады», - деді депутат.

Айта кетейік, өткен аптада Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім көрсетушілерге жаңа жәрдемақы түрі енгізіледі.

Бұдан басқа, Заңда мүгедектігі бар балаға күтім жасау кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту көзделген, бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсерін тигізеді.


Соңғы жаңалықтар