Мүліктің меншік иелері бірлестігін тіркеу процесінде eGov Mobile қосымшасын қолдану ұсынылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мүліктің меншік иелері бірлестігін тіркеу процесінде eGov Mobile қосымшасын қолдануға болады. Мұндай ұсыныс «Мүліктің меншік иелері бірлестігінің өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары» атауымен өткізілген ашық пікір алмасу алаңында жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Жылжымайтын мүлік иелерінің қордаланған мәселелері қаралған шараға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова қатысты.

Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі мен Цифрлы үкіметті қолдау орталығының, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен IT компаниялардың өкілдері де пікір білдірді.

Шара барысында қазір ММИБ-ке ауыспастан бұрын, алдымен арнайы коммерциялық емес ұйымдарды тіркеп, дауыс беруге арналған мобильді қосымшаларды әзірлеу және пәтер иелерінің тізімдерін жасақтап, сауалнама парақтарымен дауыс беру хаттамаларын дайындауға байланысты тетіктерді жетілдіріп, басқа да өзекті мәселелерді шешуге күш салу қажеттігі айтылды.

Жиынның қорытындысы бойынша дауыс беруді өткізу және мүліктің меншік иелерінің бірлестігін тіркеуді бірізге түсіру үшін eGov Mobile мобильді қосымшасын пайдалану ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар