Мүлік пен қаражатқа рақымшылық шамамен 10-12 млрд. долларды қамтитын болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мүлік пен қаражатқа рақымшылық шамамен 10-12 млрд. долларды қамтитын болады. Бұндай болжамды бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жария етті.

Еске салайық, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне баланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мақұлданған болатын.

«Қаржылық рақымшылық шарасының басты мақсаты - бүгінгі көлеңкелі айналымдағы қаражатты экономикаға тарту. Дүниежүзілік банктің зерттеулері бойынша жалпы ішкі өнімнің 19,2 пайызы көлеңкеде жүр. Сарапшылар бұл көрсеткіштің одан жоғары екенін айтады. Ең бастысы көлеңкелі экономиканың көздері түрлі ресурстардан құралатыны, оның ішінде сыбайлес жемқорлық пен криминалдық қаражаттар да бар екені түсінікті. Алайда қылмыстың жекелеген түрлері рақымшылыққа жатпайды», - дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, бұған дейінгі рақымшылық шарасы аясында Қазақстан 6,7 млрд долларды көлеңкеден шығарған. «Ал кезекті акция бір жарым жылды қамтитындығын және басқа да ресурстарды ескере отырып, рақымшылық 10-12 млрд. долларды қамтитынын болжаймыз. Әлбетте, бұл ретте дұрыс түсіндіру жұмыстары, шараны жемісті ұйымдастыру, банктер мен Ұлттық банктің жұмысты жоғары үйлестіруі маңызды рөл атқармақ. Яғни, қалай дегенмен, көлеңкеден шығарылатын қаражат біздің жұмыс барысымызға да басым жағдайда байланысты болып отыр», - деді Б. Сұлтанов.

Тоқтала кететін жайт, бұған дейін де белгілі болғанындай, мүліктерді жария ету мерзiмi 2014 жылғы 1 қыркүйектен 2015 жылғы 31 желтоқсан аралығында айқындалған болатын.

Соңғы жаңалықтар