Мүлік иелерінің бірлестігі коммуналдық қарызды қалай өндіреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мүлік иелерінің бірлестігі коммуналдық борыштарды өндіруге нотариус арқылы сот орындаушыларын тарта алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ өңірлік даму және әдіснама департаментінің басшысы Марғұлан Әбдікәрімов мүлік иелерінің бірлестігі коммуналдық борыштарды қалай өндіретінін түсіндірді.

«Әрбір пәтер иесі меншігіндегі пәтерден бөлек кондоминиум нысанының ортақ мүлігінде үлесі бар екенін түсінуі керек. Ол осы үлес үшін жауапкершілік арқалайды. Яғни ортақ мүліктегі үлесін күтіп ұстау шығындарын өтеуге міндетті. «Пәтерімді жауып тастасам, қалған мәселенің маған қатысы жоқ» деп ойлауға болмайды. Егер тұрғын үйде пәтер жалдаушылар өте көп болса, мүлік иелерінің бірлестігі «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесіне жүгініп, адвокаттың көмегімен әлгі пәтердің меншік иелері туралы ақпарат сұрата алады», - дейді акционерлік қоғам өкілі.

Марғұлан Әбдікәрімов ортақ мүліктің ортақ шығындарын төлеуге құлықсыз адамдарды МИБ аясында қалай тәртіпке шақыруға болатынын түсіндіріп өтті.

«Коммуналдық шығындар мен өзге төлемдерді төлеуге құлықсыз пәтер иелеріне қатысты заң 2019 жылы барынша оңтайландырылды. Енгізілген түзетулер бойынша ортақ мүлікті басқарушы орган борышкерлер пайда болған жағдайда жеке нотариусқа өтінішпен жүгіне алады. Өтінішпен бірге борышкер туралы анықтама мен төленбеген түбіртектер тапсырылады. Жиын арқылы бекітілген тарифтер де көрсетілуі керек. Осы құжаттардың бәрін тексергеннен кейін нотариат базасында атқару парағын рәсімдейді. 10 күннің ішінде борышкер қарызын төлемесе немесе қарсы дәлел келтірмесе, атқару парағы сотқа жолданады. Жеке сот орындаушы құжатты қабылдағаннан кейін ақшаны өндіруге кіріседі. Яғни, сот орындаушы борышкердің қаражатына, басқа қалаға шығуына шектеулер қоюға құқылы», - дейді маман.

Оның айтуынша, «ұмытшақ» борышкерлер сот орындаушысымен сөйлескеннен кейін тиісті төлемді уақтылы төлей бастайтын көрінеді.


Соңғы жаңалықтар