Мұқтаж азаматтарға пәтер бөлетін комиссияға қоғам өкілдерін енгізу міндеттелмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция департаментінің басшысы Анар Жарованың айтуынша, аталмыш комиссия құрамына қоғам өкілдерін енгізу тәртібі қолданыста бар. Десе де, міндетті емес осы норманы жергілікті әкімдіктер орындамай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрғын үйді бөлу кезінде ашықтықтың болмауы да мәселе туындатады. Пәтер бөлу ісін әкімдіктердің тұрғын үй комиссиясы жүргізеді. Алайда олардың құрамында іс жүзінде қоғам өкілдері жоқ. Міндетті болмаса да, олардың мүшелігінде кемінде 3 қоғам өкілі болуы керектігі туралы норма әдетте сақталмайды. Құрылатын тұрғын үй комиссиясының құрамына мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері ғана кіреді», - деді Анар Жарова агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Осыған байланысты, оларға қоғам өкілдерін пәтер бөлінісіне қатыстыру туралы норманы енгізе отырып, тұрғын үй комиссиялары туралы үлгілік ережені қайта қарау талап етіледі.

«Бұдан басқа, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында онлайн трансляциямен тұрғын үй комиссиясы отырыстарын міндетті түрде аудио, бейне тіркеу қажет. Сондай-ақ, талдау барысында пәтерлерді қабаттарға бөлуге байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Бұл мәселе нормативтік түрде реттелмеген. Бұл әкімдік қызметкерлеріне өз қалауы бойынша шешім қабылдауға жағдай жасап, белгілі бір сыйақы үшін «сұранысқа ие қабаттарды» бөлудің сыбайлас жемқорлық тәуекелін туындатады. Бұл жерде шешім адам факторының араласуынсыз пәтерлерді қабаттарға бөлу процесі автоматтандырылуы мүмкін. Бұл тұрғын үйді бөлу кезінде ашықтық пен айқындылықты қамтамасыз етеді», - дейді ол.

Айта кетсек, бұған дейін Анар Жарова мемлекеттен берілетін тұрғын үй кезегі бойынша кездескен заңбұзушылықтарды атаған болатын.

Соңғы жаңалықтар