«Мұқағали» халықаралық кинофестивальде бірден бес жүлдені жеңіп алды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Белгілі кинорежиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» көркем фильмі Шотландияда өткен халықаралық Сент-Эндрюс кинофестивалінде бес жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Сент-Эндрюс кинофестивалінде «Мұқағали» көркем фильмі бірден бес жүлдеге ие болды. Атап айтар болсақ, гран-при, үздік кинодраматург, үздік кинорежиссер, үздік оператор және үздік актер аталымдарына лайық танылды.

«Мұқағали» көркем фильмі бір жылда 10 халықаралық сыйлыққа ие болды. Бұл – бұрын-соңды болмаған өте қуанышты жаңалық. Барша қазақ киносын қадірлейтін көрермендерге алғысымды білдіремін. Қазақтың ұлы ақынын ұлықтаған фильм жастарға тек шабыт берсін, Мұқағали атамыздың өнерін дарытсын деп тілегім келеді. Тәуелсіздік күні қарсаңында әлемнің белді сыншылары өз бағасын берген бұл жүлделер – қазақ халқының ортақ жеңісі», - деді фильмнің режиссері Болат Қалымбетов.

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген туындыда аты аңызға айналған қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың өмірінің соңғы жылдары туралы баяндалады.

Қазақстанда фильм 2021 жылдың 21 қазанында прокатқа шыққан болатын. Әлемдік премьерасы 25-ші (PÖFF) Таллин кинофестивалі аясында өтті, онда қазақстандық картина экуменикалық қазылар алқасының жүлдесіне ие болды.

Биыл наурыз айында биографиялық картина Кераладағы (Үндістан) 26-шы Халықаралық кинофестивальдің «Әлемдік кино» секциясында ұсынылды.

Қыркүйек айының басында Қазан кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.

Қазан айында фильм Дубайдағы Мeta Film Fest кинофестивалінде Бас жүлдеге ие болды.


Фото: kazakhfilmstudios.kz


Соңғы жаңалықтар