«Мұқағали» фильмі Үндістанда көрсетіледі
2022 жылғы 11 наурыз 10:40

«Мұқағали» фильмі Үндістанда көрсетіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Белгілі қазақстандық режиссер Болат Қалымбетов түсірген «Мұқағали» көркем фильмі Үндістанда наурыздың 18-25 аралығында өтетін 26-шы Халықаралық Керала кинофестивалінің «Әлемдік кино» бағдарламасы шеңберінде көрсетіледі. Бұл туралы «Қазақфильм» киностудияның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған байқауда Берлин және Канн сынды басқа да әлемдегі беделді фестивальдерде жүлделерге ие болған фильмдер ұсынылады.
Еске салайық, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Мұқағали» фильмі қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды.
Фильмнің әлемдік тұсаукесері Таллиндегі «А» санатындағы 25-ші Халықаралық «Темные ночи» (PÖFF) кинофестивалі шеңберінде өтті. Байқаудың негізгі бағдарламасына қатысқан отандық кинотуынды экуменикалық қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.
Былтыр қазан айында биографиялық драма елімізде прокатқа шығып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болған.
Керала халықаралық кинофестивалі Үндістанда өтетін ең ірі әрі беделді байқаулардың бірі. Мәдени іс-шара Керала штатының мәдениет департаменті ұйымдастыруымен жыл сайын желтоқсан айында өткізіледі.
Биылғы фестиваль Covid-19 пандемиясына байланысты наурыз айына ауыстырылып, дәстүрлі форматта өткізілетін болады. Фестиваль шеңберінде барлығы 180 фильм көрсетіледі.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT