«Мұқағали» фильмі Қазанда өтетін мұсылман киносы фестиваліне қатысады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Белгілі режиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» фильмі 7-11 қыркүйек аралығында Қазан қаласында өтетін XVIII Халықаралық мұсылман киносы кинофестивалінің негізгі байқауына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Татарстанда өтетін Қазан кинофестивалінің іріктеу комиссиясы төрағасы Нина Кочеляеваның айтуынша, биыл байқауға қатысуға бірнеше мемлекеттен өтінім келіп түскен.

Нәтижесінде негізгі толықметражды фильмдер байқауына 10 фильм іріктеліп алынды, оның ішінде Түркия, Қазақстан, Үндістан, Иран, Бангладеш, Ресей, Мысыр, Шри-Ланка мемлекеттерінің туындылары, сондай-ақ екі ел бірлесіп түсірілген 2 туынды бар.

Жалпы биыл 44 елден 625 өтінім түскен.

Сонымен қатар, Қазан кинофестивалі шеңберіне екінші рет кино нарық ұйымдастырылып, дарынды киногерлерге өздерінің жобаларын іске асыруға мүмкіндік беретін халықаралық питчинг (сценарийлер байқауы) өткізіледі.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген кинотуынды қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды.

Бұған дейін фильм Таллиндегі «А» санатындағы 25-ші халықаралық «Қараңғы түндер» кинофестивалінде көрсетіліп, қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болған.

Биыл наурыз айында аталған фильм Үндістандағы халықаралық Керала фестивалі аясында көрсетілген болатын.


Фото: kazakhfilmstudios.kz


Соңғы жаңалықтар