Мұхтар Жәкішев түрмеде бір рет жазаға тартылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түрмеде жазасын өтеп жатқан «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев мекемеде 5 ынталандыру алды және бір мәрте жазаға тартылды.

Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісінің ресми сауалына берген жауабында Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті директорының орынбасары, әділет подполковнигі Қуат Қилыбаев мәлім етті.

«Жазасын өтеу кезінде 5 ынталандыру алды және бір рет жазаға тартылды», - делінген ресми жауапта. Дегенмен хатта бұл жаза не үшін болғаны, М.Жәкішев оны қалай өтегені айтылмады.

Хатта атап көрсетілгеніндей, Мұхтар Жәкішев, 1963 жылы туған, ҚР ҚК-нің 176 бабының 3 тармағы, «а», «б», «г» тармақшасы, 193 бабының 3 тармағы, «а», «б» тармақшасы, 307 бабының 4 тармағы, 235 бабының 1 тармағы, 58 бабы 3, 6 тармағы бойынша 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЛА 155/8 мекемесіне 2015 жылдың 25 сәуірінде жеткізілді. Сонымен қатар 2013 жылдың 31 желтоқсанында ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 116 бабына сәйкес, мекеме комиссиясы оны жазаны өтеудің жеңілдетілген жағдайларына көшіруді шешкен. 

«Мекемеге жеткізілгеннен кейін жұмысқа орналастырылды. Ерікті түрде талап-арызды өтеуде. Еңбекке деген қарым-қатынасы оң. Мекеме аумағын абаттандыруға, отрядтың мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсарту ісіне тиянақты қарайды. Тәрбиелік, мәдени-бұқаралық және спорттық шараларға, сонымен қатар отрядтың қоғамдық өміріне белсенді түрде қатысады», - деп хабарлады «ҚазАқпарат» агенттігіне.

 Сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы қолдаухат мекеме әкімшілігіне түспегендіктен, аталмыш сұрақ сотта қаралған жоқ, деп хабарлайды департамент өкілі.

Соңғы жаңалықтар