Мұхтар Тілеуберді Ядролық сынақтарға тыйым салу ұйымының Атқарушы хатшысын қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанға ресми сапармен келген Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы хатшысы Роберт Флойдпен кездесті. Қызметке кіріскеннен кейін бұл Р.Флойдтың алғашқы шетелдік сапары, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

М.Тілеуберді Қазақстанның ядролық сынақтарға тыйым салу режимін нығайту саясатына, ядролық қарудан азат әлем құруға және Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) тез арада күшіне енуіне берік ұстанымын растады. Атқарушы хатшының өзінің алғашқы ресми сапарын Қазақстаннан бастауының және жабылуының 30 жылдығы қарсаңында бұрынғы Семей ядролық полигонына баруының символдық мәні бар. Бұл сондай-ақ алдағы 29 тамызда Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнімен және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрылуының 15 жылдығымен тұспа-тұс келеді.

Өз кезегінде Р.Флойд ЯСЖТШҰ қызметіне қолдау көрсеткені үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдіре отырып, Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы ерекше рөлін атап өтті және Шартқа қатысушы елдердің бірлескен күш-жігерімен ядролық қарусыз бейбітшілік орнату жөніндегі мақсатқа қол жеткізе алады деген үмітін білдірді.

Тараптар сондай-ақ ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, атап айтқанда, ядролық сынақтар мен жергілікті жерлердегі инспекцияларға мониторинг жүргізудің халықаралық жүйесі станциялары желісінің жұмыс істеуін көздейтін верификациялық режимді нығайтуды талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданып, онда тараптар ядролық қарусыздану мен таратпауға өздерінің бейілділігін растады. Онда сондай-ақ барлық мемлекеттерге ядролық сынақтар жүргізуге мораторийді сақтауды жалғастыруға, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қол қоюға және/немесе ратификациялауға шақыру қамтылған.


Соңғы жаңалықтар