Мұхтар Тілеуберді қазақстандық дипломаттарды кәсіби мерекесімен құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Мұхтар Тілеуберді қазақстандық дипломаттарды кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті қазақстандық дипломаттар! Құрметті ардагерлер! Осыдан 28 жыл бұрын 2 шілдеде Мемлекет басшысы Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосын құру туралы Жарлыққа қол қойғаны өздеріңізге мәлім. Сол кездегі күрделі жағдайға қарамастан, Министрліктің алғашқы қызметкерлерінің жанқиярлығы мен кәсіпқойлығы арқасында дипломатиялық қызметтің басты негіздері, іргетасы мен жұмыс қағидаттары іс жүзінде «таза парақтан» қалыптастырылды. Жаңа құрылған отандық дипломатиялық қызметтің кадрлық, қаржылық мәселелерін шешуде, біздің шет елдердегі алғашқы өкілдіктерді ашу бағытында қомақты жұмыс атқарылды. Аға буын өкілдерінің іс-әрекеттері нәтижесінде «Сыртқы істер министрлігінің рухы» қалыптасты. Осы орайлы сәтті пайдаланып ардагерлерімізге алғыс, саламыздың қалыптасуына ұйытқы болған тұлғаларға шынайы құрметімді білдіргім келеді. Мемлекетіміздің халықаралық аренадағы бүгінгі табыстары мен жеңістері бірінші кезекте Сіздердің еңбектеріңіз» деп атап өтті Сыртқы істер министрі өз құттықтауында.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен еліміздің сыртқы саясаты прагматизм және конструктивизм қағидаттары, тиімді ынтымақтастық пен қарым-қатынастар негізінде дамып келе жатыр.

«Бүгінде біз әлемнің 182 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық, еліміздің маңызды халықаралық ұйымдарға кіруін қамтамасыз еттік. Қазақстанның әлемнің 103 елді қамтитын, 98 шет елдердегі мекемесі бар. Біз көпжақты және екіжақты ынтымақтастықтың 3700 астам халықаралық құжаттан тұратын қомақты шарттық-құқықтық базасын жасадық, ол ұлттық мүдделер мен өзекті халықаралық мәселелердің барлығын қамтиды. Қазақстанның мемлекеттік шекарасын делимитациялау туралы халықаралық шарттарға қол қойылуы және олардың күшіне енуі қазақстандық дипломатияның маңызды жетістіктерінің бірі болып табылады. Бүгін біздің сыртқы шекарамыз – тату көршілік пен ынтымақтастық шегі ретінде қарастырылады. Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында «қауіпсіздікті тұтынушы» және әлемдік саясатқа жаңадан араласа бастаған Қазақстан бүгінде «тұрақтылық генераторына» және кейбір жанжалдарды реттеуге белсенді түрде атсалысқан медиаторға айналды» дейді Мұхтар Тілеуберді.

Министрдің сөзіне сенсек, халықаралық аренадағы айтарлықтай жетістіктерімізге қарамастан, біз қол жеткізген табыстарымызбен тоқталып қала алмаймыз, алда бізді ауқымды жаңа жұмыстар күтіп тұр. Әлемде ескі құбылыстар трансформациялануда, көптеген оң немесе теріс сипаттағы күрделі жаңа процестер өріс алуда.

Мұхтар Тілеуберді атап көрсеткендей, біздің міндетіміз - сын-тегеуріндерге лайықты және нәтижелі ден қойып, жаңадан ашылған мүмкіндіктерді толығымен әрі тиімді пайдалану.

«Бұл мақсатта біздің дипломаттардың қазіргі буынынан жұмыста креативті әдістерді қолдануын, толықтай күш-жігерін жұмсауын әрі өзінің кәсіби деңгейін үнемі жақсартуын күтеміз. Бұл сыртқы саяси ведомствоның жаңа сапалы деңгейге өтуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, осы жыл әлемді дүрліктірген және тынысын тарылтқан, халықаралық қарым-қатынастарға кедергі келтірген қатерлі дерт - коронавирус індетімен күресу жылы болып отыр. Әлемде пандемия жарияланғаннан кейін Министрлігіміз бен дипломатиялық өкілдіктеріміз Қазақстан азаматтарының елге оралуына бар күш-жігерін салып, шет мемлекеттердің медициналық көмегі мен жабдықтарын алуға атсалысты. Бұл орайда, еліміздегі төтенше жағдай мен карантин кезеңі үшін арнайы құрылған СІМ Штабының, консулдардың және белсенділік көрсеткен басқа да әріптестеріміздің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Біздің алдымызда асар белестер мен бағындырар шыңдар әлі де баршылық. Оларға қол жеткізу үшін бәрімізді жұмылған жұдырықтай біртұтас механизм болып жұмысты жалғастыруға шақырамын! Сыртқы саясат саласындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіре отырып, Сіздердің баршаңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Егеменді еліміздің игілігі үшін атқарып жатқан қызметтеріңіз жемісті болсын. Елімізге тыныштық, жерімізге береке, отбасыларыңызға бақыт және зор денсаулық тілеймін « деп түйіндеді сөзін Мұхтар Тілеуберді.



Соңғы жаңалықтар