Мұхтар Тілеуберді канадалық әріптесімен коронавируспен күрес шараларын талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Канада тарапының бастамасы бойынша Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Канаданың Сыртқы істер министрі Франсуа-Филипп Шампанмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР СІМ-нен мәлім еткендей, әңгіме барысында тараптар COVID-19 пандемиясымен күресу жөніндегі елдердің шараларын, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын, халықаралық аренадағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

«Тараптар пандемия адамдардың күнделікті өмірін түбегейлі өзгерткенін және халықаралық қатынастардың барлық жүйесіне елеулі әсер етіп отырғанын атап өтті.

Канадалық тарап Канаданың және Ямайканың бастамасымен өткізілген коронавирус пандемиясы дәуіріндегі тұрақты дамуды қаржыландыру жөніндегі БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі іс-шарасында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың мазмұнды сөйлеген сөзіне және еліміздің қатысқаны үшін алғысын білдірді», - делінген СІМ ақпаратында.

Канада сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстанның өңірдегі жетекші рөлін атап өтіп, Оттаваның Нұр-Сұлтанмен сындарлы және өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі дамытуға дайын екендігін білдірді.

«М. Тілеуберді саяси диалогты одан әрі дамыту қажеттігін баса айтып, 2020 жылдың ақпан айында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Канаданың Премьер-министрі Дж.Трюдомен Мюнхенде болған екіжақты кездесуі, сондай-ақ Канаданың Генерал-губернаторы Ж.Пайеттің 2018 жылы Қазақстанға сапары екіжақты ынтымақтастықтың дамуына серпін бергенін мәлім етті.

Сонымен қатар екіжақты форматта да, халықаралық аренада да, соның ішінде ядролық қаруды таратпау, орнықты даму, азық-түлік қауіпсіздігі және адам құқықтары мәселелері бойынша өзара іс-қимылды одан әрі жандандыруды қолдайтындарын жеткізді», - деді ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар