Мұхтар Тілеуберді: Ауғанстан экономикасын ОА елдерімен интеграциялаудың маңызы зор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауғанстанның экономикасын көрші елдермен, сонымен бірге Орталық Азия мемлекеттерімен интеграциялаудың маңызы зор. ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ауғанстан бойынша дөңгелек үстел отырысында осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 28 жылда Қазақстан аймақтағы тарихы мен мәдениеті ортақ серіктестерімен тығыз байланыс орнатуда тың бастамаларды көтеріп келеді. Кезінде тарихи тұрғыда зор маңызға ие болған, Жібек жолы бойындағы Орталық Азия елдерінің географиялық орналасуы – өзара қарым-қатынасты күшейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми отырысының арқасында ынтымақтастыққа жаңа жол ашылды. Қазіргі таңда біздің көшбасшылар ортақ міндеттерді орындауда ортақ амал-әдістерді ойлап табуға нық сеніммен келе жатыр. Мәселен, 2018 жылдың тамызында Орталық Азия елдерінің басшылары Түрікменстанда кездесіп, Арал теңізін құтқару шараларын талқылады. Алайда, бүгінгі және ертеңгі күн үшін де күрделі мәселелелердің бірі – Ауғанстандағы тұрақтылыққа байланысты екенін бәріміз білеміз», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді отырыс барысында.

Министрдің айтуынша, Ауғанстанның тұрақты түрде дамуы, ондағы бейбітшілік пен тұрақтылық – аймақтағы ынтымақтастықтың дамуына нық үлес қосады.

«Қазақстан – аймақтық ынтымақтастықтың белсенді адвокаты ретінде аймақтағы «ойыншылар» арасындағы өзара түсіністікке жету үшін күш біріктіруді көздейді. Ауғанстан толығымен бейбіт процеске, өмірге оралып, халықаралық алаңда Қазақстан саясаты үшін басымдыққа ие елдердің бірі болып қала береді», - деді ол.

Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде өзара ынтымақтастықтың аясын кеңейте отырып, Ауғанстанның экономикасын көрші елдермен, сонымен бірге Орталық Азия мемлекеттерімен интеграциялаудың маңызы зор екенін атап өтті.

«Екі апта бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында біздің еліміздің Ауғанстанға көмек көрсетуді жалғастыруға дайын екенін білдірген болатын. Мемлекет басшысы мықты ынтымақтастық, ұзақ мерзімді инвестиция, аймақтық келісім – табыс пен елдегі бейбіт процестерге қол жеткізуді шешуші фактор екенін атап өтті», - деді ол.

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ауғанстан бойынша дөңгелек үстелінде Мұхтар Тілеуберді «Жусан» операциясының ізімен Қазақстан Ирактан 14 баланы қайтарып алуды жоспарлап отырғанын мәлім еткен болатын.

Соңғы жаңалықтар