Мұхтар Тілеуберді Әл-Фараби мерейтойына орай шетелде қандай шаралар өтетіндігін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Дамаскіде салынған Әл-Фараби орталығы 2020 жылдың 21 қаңтарында салтанатты түрде ашылады. Бұл туралы Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Сыртқы істер министрлігі Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспар жобада көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға дайын. 2020-2021 жылдары UNESCO қатысумен атап өтілетін атаулы мерейтой күндерінің тізбесіне Әл-Фарабидің мерейтойын енгізу жөнінде жұмыс жүргізілуде. Бұл жөніндегі шешім осы 12-27 қараша аралығында өтетін UNESCO бас конференциясында қабылданады деп күтілуде», - деді министр.

Оның айтуынша, «Әл-Фараби ізімен» атты халықаралық экспедиция 2020 жылдың қаңтарында Отырардан басталады.

ҚР СІМ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығымен ақылдаса отырып, қазақстандық фарабитанушы ғалымдардың қатысуымен қасиетті Түркістанда ғылыми-практикалық конференция өткізеді. Одан кейін «Әл-Фараби ізімен» экспедициясы Өзбекстанда - Ташкент, Самарқан, Бұхара шаһарларында болып, Түрікменстанда ежелгі Мервтің археологиялық және сәулет ескерткіштері кешенін аралап, Иранда - Нишапур, Рей, Хамадан көне қалаларға зиярат жасайды. Ташкент, Ашғабад және Тегеранда сол елдердің фарабитанушы ғалымдарымен бірге дөңгелек үстелдер өткізіледі. Ирактың астанасы Бағдат қаласындағы Әл-Фараби университетінде Шығыстың ұлы ойшыл ғалымының ескерткіші ашылатын болады.

«Содан кейін 2020 жылғы 21 қаңтарда ҚР Мәдениет және спорт министрі бастаған делегация мен экспедиция мүшелері Дамаскіде Елбасымыздың тапсырмасымен салынған Әл-Фараби орталығын салтанатты түрде ашады. Қазір бұл орталықты ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Президенттің тапсырмасы бойынша 4-7 қарашада ҚР Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктерінің жауапты қызметкерлері мен «Қазқайтажаңарту» мекемесінің мамандары Сирияға іс-сапармен шығады. Сапар барысында Сирия тарапымен Дамаск қаласындағы әл-Фараби орталығын салтанатты ашу жөнінде тиісті келіссөздер жүргізеді. 2020 жылдың сәуірінде «Аристотельден кейін «Екінші ұстаз» аталған Әбу Насыр әл-Фарабидің әлем өркениетіне қосқан үлесі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция Афина қаласындағы «Пантеон» Саяси және әлеуметтік ғылымдар университетінде болады», - деді Мұхтар Тілеуберді.

Сондай-ақ министрдің дерегінше, Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің 47-ші сессиясы аясында Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған фотокөрме ашылады. Ал Пәкістанның Карачи қаласында ИЫҰ-ның жанындағы КОМСТЕК ғылыми-технологиялық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитеті аясында Әл-Фараби шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтеді. Мысырдың «Әл-Азһар», Каир университеттері және Қазақ ұлттық университеті ғалымдары «Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы энциклопедиясын» араб және қазақ тілінде жарыққа шығаруды қолға алды.

«Өздеріңізге мәлім, 2020 жылғы қазан айында Дубайда дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі өз жұмысын бастайды. Қазақстан павильонында Әл-Фараби орталығын ашуды көздеп отырмыз. Осы орайда ЭКСПО кезінде өтетін Әлемдік үкімет саммитінде «Қайырымды қоғам туралы Әл-Фараби көзқарастарының өміршеңдігі» атты арнайы пленарлық сессия өткізу туралы ұсыныс енгіземіз. Қазақстан «Бақыт коалициясына» мүше болып табылатындықтан, бұл шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолға алады деген сенімдеміз. 2020 жылғы 18 қарашада, яғни UNESCO аясында атап өтілетін Әлемдік философия күні қарсаңында Париждегі UNESCO штаб-пәтерінде ҚР Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерімен бірлесіп, Әбу Насыр Әл-Фарабидің мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференция және тақырыптық көрме өткізіледі. Осы іс-шараларға беделді ғалымдар, тарихшылар және басқа елдердің мамандары шақырылатын болады», - деді ол.

Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Елшіліктері Ұлттық аударма бюросымен бірлесіп, Әл-Фараби еңбектерін шет тілдерге аударуға атсалысуға дайын екендігін баса айтты. Қазақстанның Вашингтондағы Елшілігі де Әл-Фараби еңбектерінің ағылшын тіліндегі аудармасының таныстырылымын АҚШ Конгрессінің кітапханасында ұйымдастырып, АҚШ-тың аналитикалық орталықтарының біріне ресми табыстауды жоспарлап отырғандығын атап өтті.

«Сонымен қатар Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты көркем кітабы да бірнеше тілдерге аударылатын болатын. Ыстанбұл мен Дели қаласындағы «Әл-Фараби үйлерінің» қызметтерін жандандыруға да көп көңіл бөлудеміз. 40 жуық шет елдерде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған фотокөрмелер ұйымдастырылады. «Қазпоштаның» атсалысуымен АҚШ, Швейцария, Германия, Нидерланд, Түркия, Латвияда әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған сол елдердің мерекелік пошта маркалары шығарылады», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар