Мұхтар Шахановтың мерейтойы Отырардан басталды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойы Отырар ауданында кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен ақын бастаған бір топ зиялы қауым Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, құран бағыштады. Сонан соң «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының Сапар орталығында «Отырар өркениеті және Шаханов шыңы» атты кездесу өтті.

Жиында сатирик Көпен Әмірбек қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанып, оны байыта түскен ақиық ақынның 80 жасқа толған мерейтойы туған жері — Отырардан бастау алуы үлкен құрмет екендігін айтып өтті.

Ал, музей директоры Жангелді Махашов еліміздің тәуелсіздігі мен ана тілінің мәртебесі үшін ақынның қосқан еңбегі орасан зор екендігін жеткізді.

Мерейтойға арналған мәдени шара бұдан әрі аудандық мәдениет сарайында жалғасын тапты. Ақынға аудан тұрғындары ақбоз ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Сәні мен салтанаты жарасқан сахнада «Алтын домбыра» иегері, белгілі айтыскер Бекарыс Шойбеков арнау айтты.

Жиынға Қуаныш Айтаханов, Құлбек Ергөбек, Көпен Әмірбек, Жеңісбек Мәуленқұлов, Қазыбек Иса, Әлімжан Құртаев, Серікжан Сейітжанов, Ханбибі Есенғарақызы, Қалима Жантөреева, Бекжігіт Сердәлі сынды ел азаматтары қатысты.

ҚР Мәжіліс төрағасынан, Қызылорда облысы әкімінен және еліміздің әр аймағынан келген жедел құттықтаулар оқылып, ақынға сый-сыяпат жасалды. Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан облыс әкімінің құттықтау хаты мен сый-сияпатын жеткізсе, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев те қаламгерге деген лебізін білдірді.

Мерейтой Хадиша Шалабаева бастаған әншілердің қатысуымен өткен концертке ұласты.



Соңғы жаңалықтар