Мұхтар Мағауин 80 жасқа толды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тарихшы, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин сексеннің сеңгіріне шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол – филология ғылымдарының докторы, публицист, Қазақстанның халық жазушысы атағын алған санаулы қаламгерлердің бірі. Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысты Аягөз ауданы Баршатас ауылында дүние есігін ашқан. 22 жасында Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітіріп, еңбек жолын сол жылы бастаған. Қазақ әдебиеті газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары Жазушы баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген. Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізген.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ прозасына Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділ, Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков, Төлен Әбдік қатарлы аса дарынды жастар легі келді.

Жазушы Ғабит Мүсірепов: «Мұхтар Мағауин ана тіліміздің байлығын, оралымды, астарлы, әрі от-жалынды, әрі нәзік те биязы бояу-сырларын алғашқы адымдарынан бастап-ақ көрсетеді. Тіліміздің оралымдығын тереңдетуге қосқан үлесі аз емес» деп Мағауинге шынайы анықтама берген де болатын.

Ал онымен қатарлас, қаламдас жазушы Ә.Кекілбаев «Мұхтар Мағауин - дағдарыс тығырығына қамалған әдебиетіміздің одан әрі дамуына жаңа қарқын бітіруге тырысқан алпысыншы жылдардағы серпілісте айрықша көзге түсіп, сол қарқынын әлі күнге үдетпесе, бәсеңдетпей, жанқиярлық танытып келе жатқан кесек тұлғамыз. Оның бүгінгі де, ертеңгі де оқырмандар алдында сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қадым замандар тақырыбына алғаш қадам тартқан ғалым ретінде ұлттық көркем ойдың ең кемел күштерінің төл тарихымыздың кенде зерделеніп келе жатқан кезендерін көрсетуге жаппай жұмылуына түрткі болды. Өзі де сол бәйгеде озып шыға алған жүлделі жүйрік» деп бағалады.

Қабдеш Жұмаділдің де мемуарларында Мұхтармен үзеңгілесе Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының дүниеге келуіне қалай үлес қосқанын, Мағауиннің тарих қойнауында ұмытылып қалған жырауларды қалай тірілткенін кеңірек баяндалады.

Мұхтар Мағауин әр жылдары «Қазақ әдебиетінде», «Жазушы» баспасында, «Жалын» журналында қызмет етті. «Кешқұрым» атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланды. Кейінгі жылдары ол «Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» повестер мен әңгіме жинақтарын, «Көк мұнар», «Шақан шері» романдарын, «Аласапыран» роман-дилогиясын, «Қобыз сарыны» атты монографияны, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» ғылыми-зерттеу еңбектерін, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» оқулықтарын, хрестоматия және басқа да оқу құралдарын жазды. 1983-1984 жылдары еркін шығармашылық қызметте болып, 1984-1986 жылдары Жазушы баспасының бас редакторы болып жұмыс істеді. 1988 жылдан бері Жүлдыз журналының бас редакторы болды. 2002 жылы он үш томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Көптеген шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылып та шыққан.

Мұхтар Мағауин – қайраткерлігі мойындалған жазушы. Профессор Тұрсын Жұртбай жазғандай «ол - азаматқа тән өмірлік көзқарас қайшылығы бар, жазушыға тән тағдыры бар, оқымыстыға тән ой тартысы бар тағдырлы тұлға». «Мұхтар Мағауиннің тәуелсіздік жылдарда жазған жаңа тұрпаттағы шығармалары көркемдік әлемді игерудің тың арнасын қалыптастырып, ұлттық рухты сілкіндіретін өзгеше дүбірлі құбылысқа айналып отыр». Жазушыны терең зерттеген филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы да Мағауиннің шығармашылығына осылай жоғары баға береді.


Соңғы жаңалықтар