Мұхтар Кәрібай: Ұлы даланың жеті қырын таныту - парыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ арыстарымыздың аманатын орындау, Абайдың қалың елі қазағының дүниежүзілік қоғамдастықтағы өз орнын алуы, тағдыры терең Ұлы даланың жеті қырын таныту міндеті тұрды. Мұндай пікірді дипломат, публицист Мұхтар Кәрібай білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз өкіліне жататын ұрпақтың маңдайына қасиетті халқымыздың тарих мұхитының асау толқындары мен дүлей дауылдарына талай тап болса да, әділет жолынан таймай, айнымай да адаспай ұдайы алға басып, асыл текті бабалар мұраты - қастерлі Тәуелсіздігіне қол жеткізген кезеңіне куә болудың бағы бұйырды. Егемендіктің еңсесін тіктеу, қазаны бұрқ-сарқ қайнаған халықаралық қоғамдастыққа дербес мүше ретінде қадам басқан еліміздің жаһан жұртына мойындалуының ұлы миссиясына кіріскен Президент Н.Назарбаев жаңадан құрылған Сыртқы істер министрлігіне барынша ауқымды міндеттер жүктеп, білікті кадрлерді іріктей келе, бұл салада жырақта жүрген қазақтың ұл-қыздарын түгел елге шақыртты. Еті тірі политех пен «иняздың» жігіттерінен қалыспай, ҚазМУ-дың шығыстану факультетінің түлегі, араб тілінің маманы болғандықтан біз де 1992 жылы қазанда министрлікке жұмысқа қабылдандық. Университеттің соңғы курстарында Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды Алаш қайраткерлері ақталып, ғұмырын ұлт азаттығына, әлеуметтік көтерілуіне арнаған тұлғалардың бүтіндей бір дәуір мүлде жабық болып келген ұлы мұрасынан сусындау мүмкіндігі туған еді. Сондықтан алдымызда бізге дейінгі сан ұрпақтың, арпалысып өткен арыстарымыздың аманатын орындау, Абайдың қалың елі қазағының дүниежүзілік қоғамдастықтағы өз орнын алуы, тағдыры терең Ұлы даланың жеті қырын таныту міндеті тұрды», - дейді дипломат.

Оның айтуынша, азаттықтың алғашқы жылдары жаңа министрліктің іргесін қалап, өркениетті жолға салу республикаға танымал, беделді, тәжірибелі қоғам қайраткерлері Ақмарал Арыстанбекова, Төлеутай Сүлейменов, Қанат Саудабаевтай азаматтарға сеніп тапсырылған.

«Аға ұрпақтың шарапатымен ендігі биік мәртебеге жетіп, министр, елші, әлемдік ұйымдардағы өкіл лауазымдарын атқарып отырған дипломаттарымыздың балаң мұртты, жасыл желекті бастапқы буыны да сол кезеңде қалыптасты. Бүгінде топшысы бекіген отандық дипломатияның кәсіби һәм зиялылық келбетінің орнығып нығаюы Қасым-Жомарт Кемелұлының есімімен тығыз байланысты. Сыртқы саясат ведомствосын ұзағынан екі мәрте басқарған жылдары Қ.Тоқаевтың жұмыс тәсілі күнделікті қауырт шаралардың өзін мазмұнды, тағлымды оқиғаға ұластыруымен бірге, қаламы қарымды министрдің қолынан шыққан салмақты туындылары халықаралық қатынастар саласының күрделі иірімдерін көрнекі де көркем жеткізген шеберлік мектебіне айналғаны шындық. Дипломат жаза білуі керектігін бойымызға бекіткен де осы еңбектер еді», - дейді Мұхтар Кәрібай.

Осы орайда дипломат Алаштың асыл перзенті Мұстафа Шоқай «Жаман халық деген жоқ, жаман адамдар бар, адамгершілігі мол мемлекет деген болмайды, адамгершілігі мол адамдар болады» деп жиі айтқанын еске алады.

«Демек, кәсіби дипломатия дегеніміздің өзі өзге мемлекеттердегі адамгершілігі мол әріптестерді тани біліп, олармен тіл табысу амалдарын табуда болса керек. Қадыр ағамыз өсиет еткендей, «өз тіліңді құрметтей отырып, өзге тілдің бәрін білуің», ендеше ғұмыр бойы іздену, оқу, зерттеу, талдауың міндетті, әрине! Айтып өткенімдей, қара шаңырақ қабырғасында қазақ филологиясы, шығыстану бағытында әйгілі ғалым ұстаздардың алдын көрген біліміміз өзектілікпен іске жарап, сыртқысаяси мекеме аясындағы алғашқы халықаралық құжаттарды, берісін айтқанда тұңғыш дипломатиялық, қызметтік паспорттардың, визалардың мемлекеттік тілдегі мәтіндерін әзірлеп, алғашқы ереже, нұсқаулықтарды дайындау ісінде нәтижелі жемісін берді», - дейді ол.

Оның атап өтуінше, өзге саладан дипломатиялық қызметтің өзіндік ерекшелігі - шет мемлекеттерге ұзақмерзімді іссапарға аттану.

«Менің алғашқы сапарым Алатау бөктеріндегі Қырғыз елінде өтіп, ол уақтағы елшіміз әйгілі ақын, қайраткер Мұхтар Шахановпен қызметтес болудың орайы келді. Қалтарысы көп консулдық бөлімге жауапты бола жүре, саяси лауазымды әдебиет пен мәдениет қазанында біте қайнатқан бірегей Мұхаңның қолқасымен күн-түн демей іргелес Алматыдан ағылып жататын ұлттық өнер, руханият өкілдерінің баршасымен дерлік тығыз араласудың мүмкіндігі өз алдына, Бішкекте дүниеге келген ұлымызға адамзаттың Айтматовы ағамыздың батасын алып, Шыңғыс есімін беріп, атақты туындыларының бірі «Кассандра таңбасы» кітабына жазып берген қолтаңбасы айрықша қымбат дүние ретінде жеке кітапханымда сақтаулы. Бірінші сапарда-ақ дипломат жұмысы ақ көйлек киіп, келіссөз үстелінде отыруды ғана білдірмейтініне әбден көз жеткендіктен, біліктілікті көтеру ниетімізбен шәкірт қалыпқа қайта түсіп, баламыз мектепке, өзіміз академияға сабаққа бірге кететін кезең де өткен. Осылайша, менің замандастарым еңбек жолын тәуелсіздікпен бірге бастап, көбінесе жалдамалы пәтерде жабырқай жүрсе де жасымай қызмет атқарып, мінеки жылдар өте бүгінде барлық дерлік саланың кадрлық негізін құрап тұрған үлкен стратегиялық буынның қазіргі кейде арасында «жоғалған буын» ұғымына жатқызыла бастауы да алаңдатады», - дейді публицист.

Сонымен қатар ол орайы келген сәтті пайдаланып, отандық дипломаттар қауымын төл мерекемізбен құттықтап өтті.

«Орайлы сәтті пайдаланып, кейде ғасырдан да ұзақ көрінетіндей қысқа мерзімде еліміздің іргесі бекіп, адамзат қоғамдастығының қабырғалы мүшесіне айналып, еңсесі биіктеп абыройы арта түсуінің алқалы ісіне қомақты үлес қосып келе жатқан отандық дипломаттар қауымын Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесімен ізгі ниеті құттықтауымды жолдаймын!», - дейді Мұхтар Кәрібай.



Фото: adebiportal.kz

Соңғы жаңалықтар