Мұхит асып келген Димаш Құдайбергеннің фанаттары Ақтөбеде жүр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеге әлемнің әр түкпірінен Димаш Құдайбергеннің фанаттары келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір Ақтөбеде АҚШ, Хорватия, Жапония, Швейцария, Франция елінен келген Димаш Құдайбергеннің фанаттары жүр. Олар кеше қаланың көрікті жерлерін аралап, бүгін әнші білім алған мектепке, кейін колледжге барды. Сонымен қатар 4-шілдеде тағы 30 фанат келеді деп күтілуде. №32 мектеп-гимназиясына барған фанаттар ұстаздарымен танысып, музейді аралады. Әнші білім алған сыныпқа кіріп, партасына отырды. Ұстаздары Димаш туралы есте қалған естеліктерімен бөлісті.

«Димаш қолындағы барын беретін қамқоршы, жауапкершілігі мол бала болды. Сабақтағы үзіліс кезінде мектеп оқушылары үнемі соның жанына жиналады. Мұны байқап қалып, бақыладым. Ол мектепке үнемі ақша алып келіп, үзілісте асханаға барады. Барлығына бәліш сатып алып, жан-жағында жүрген балаларға таратады. Өзі біреуін де жемейді. «Апай, балалар мені күнде сайын күтеді, олардың алғыс айтқанына риза боламын» деп айтады. Сол балалардың ризашылығы Димашты осындай күнге жеткізген шығар», - деп ақ жүрегінен ақтарылады әншінің сынып жетекшісі Роза Қуанышова.

АҚШ-тан келген Еко Ямагучидің жасы 75-те. Ол өз өмірінде алғаш рет бір әншіге бар зейінін аударып, сол үшін оның жүріп өткен жолын көрмекке жолға шыққан. Қазақстанды Димаш Құдайберген арқылы таныған фанат Жапонияда фантоп ашып, әлеммен байланыс жасап отыр.

«Өзім АҚШ-та тұрамын, бірақ Жапония азаматымын. 2017 жылы Қытай телеарнасынан жаңалықтар қарап отырып, Димашты көріп қалдым. Оның әнін тыңдап, тәнті болдым. Содан кейін Youtobe.com арқылы іздеп, таныстым. Әнші туралы ақпаратты жинап, Жапонияға жібердім, сұрады. Ол кезде ешкім танымады, білмеді. Кейін Димашты тыңдап, оның қай елден екенін білдім. Зерттеу жүргізіп, қарап, іздеп, Қазақстанға келгім келді. 2017 жылдың наурыз айында досым Юрий Хо маған телефон шалып, «Димашты танисың ба» деп сұрады. Ол фанклубын ашып жатқанын айтып, мен де сол топқа кірдім. Жапонияда фантоптың нөмірі №00001 болды. Димашты өткен жылы Лос-Анджелесте әуежайдан қарсы алдым. Ол маған «қазаққа ұқсайсыз» деп айтты», - деді Еко Ямагучи. Фанаттың балалары анасын есі ауысқан деп есептеп, күлкіге де айналдырған. Ол үшін 75 жастағы қария еш қымсынбайды, мақтан етеді. Әрі бұған дейін мұндай батыл қадамға барып, әншілердің артынан ермеген.

Бүгін фанаттар әншінің оқу үлгерімін де қарады. Еске салсақ, Димаш Құдайберген №32 мектеп-гимназияда 9-сыныпқа дейін білім алды.

«Ол баспалдақпен түсіп келе жатқанда фортепианода ойнағандай қолын қимылдатып жүреді. Әрі мен бастауыш сыныпта оқып жүргенде «болашақ әнші Димаш» деп тақтаға шығаратын едім», - деді әншінің бастауыш сынып жетекшісі Клара Қажғалиева.

Ақтөбеге келген фанаттардың бірі Франция елінің тұрғыны Аннент Бинатия. Ол да Youtobe.com арқылы Димашты әлемнің үздік әншілері тізімінен тапты, таныды.

«Ол франсуз тілінде ән айтып, бәріміздің жүрегімізден орын алды. Сондықтан мұндай азамат туған елді, Қазақстанды көргім келді. Бізге «Мәскеуден Қазақстанға дейін» деген фильм көрсетті. Жылқы, бүркіт ұнады. Көріп, бәрін өз көзіммен қарағым келді. Әрі өзге фанаттарымен таныстым. Біз Ақтөбе, Астана, Алматы қалаларын аралаймыз», - деді Аннент Бинатия. Фанаттар Қазақстанда екі апта болады. Олардың әр күнін турагенттіктер ұйымдастырып қойған.

Соңғы жаңалықтар