Мұхаммед Хайдар Дулати туралы телехикая көрсетілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Хабар» телеарнасының тапсырысымен түсірілген «Дулати» атты тарихи драма жанрындағы телехикая – арнаның биылғы жаңа маусымында жарыққа шығып жатқан туындылардың тізгінін жалғастырмақ. Телехикаяда XVI ғасырдағы ұлы даланың тыныс-тіршілігі, Дулат тайпасының сол замандағы сан сырға толы түрлі тағдырлары мен Мұхаммед Хайдар Дулатидың өмірі суреттеледі. Аталмыш тарихи драманы 17 желтоқсаннан бастап «Хабар» телеарнасынан тамашалай аласыздар. Туындының продюсері – Мұрат Бидосов.

Тарихи телехикаяда Жетісу жеріндегі ежелгі Дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы болған әйгілі тарихшы, ғұлама Мұхаммед Хайдар Дулатидың тарих тарауларында қалған өмірі мен ұлы далада әмірші болған текті әулет ұрпағының сан қилы тағдыры суреттеледі. Туындының сюжет желісі Дулатидің әкесі Мұхаммед Хұсайынды Әмір-Темірдің немересі Мұхаммед Шайбани ханның өлтіруінен басталады. Саяси күрестің қайнаған ортасында қалған Мұхаммед Хайдар Дулати сол кезде Үндістанды басқарып тұрған бөлесі – Бабыр Сұлтанға қарай жол тартады. Ол жерде біраз жыл тұрып, Бабыр Сұлтанның рұқсатымен Сұлтан Саид ханға келіп, оның Қашқардағы сарайында тұрып, сарай қызметін басқарады. Саид ханның Әбубәкірге қарсы соғыстарына қатысады. Сарай қызметін жан-жақты білетін білікті, білімді адам ретінде танылып, ханның мұрагер баласы Әбу ар-Рашид сұлтанның тәрбиешісі болады.

Сұлтан Саид өлгеннен кейін таққа отырған баласы Әбі ар-Рашид Дулат тайпасынан қауіптеніп, оларды қуғындай бастайды. Мұхаммед Хайдардың ағасы – Саид Мұхаммедті өлтіреді. Осыдан кейін Мұхаммед Хайдар Үндістанға қашады. Ол онда ұлы Моғолдар сарайында әскербасы болып, Кашмирді жаулап алу соғысына қатысады. Жаулап алғаннан кейін ұлы Моғолдардың атынан біраз уақыт Кашмирді билеп тұрады. Ол осында «Тарихи-Рашидиді» жазуға кіріседі.

Дулатидың «Тарихи Рашиди» еңбегінде қазақ хандығының қалыптасу кезеңі, Жетісу мен Шығыс Дешті Қыпшақ жерінде болған оқиғалар, Моғолстанның құлауы, феодалдық соғыстар, қазақтар, қырғыздар мен өзбектердің сыртқы жауға қарсы күресте өзара одақтасуы туралы құнды мәліметтер сақталған.

Сонымен бірге бұл еңбекте XV-XVI ғасырлардағы Оңтүстік және Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы, орта ғасырлық Қазақстандағы Жетісудің тарихи жағрапиясы, қалалық және егіншілік мәдениеті туралы мәліметтер бар.

Телехикаяда Дулатидің кітап жазу барысындағы елеулі оқиғалар сюжеттік желіде көрініс тауып отырады. Қазақ хандығының құрылған жылын дөп басып жазған әйгілі тарихшының Бабыр Сұлтанмен бірге жүріп, ұлы далаға ат басын бұрғаны, Бабыр Сұлтанның Қасым ханның ордасына келген сәттері де айрықша суреттеліп отырады.

17 желтоқсаннан бастап,кешкі сағат 20.00-де, «Хабар» телеарнасынан тарихи тағлымға толы «Дулати» телехикаясын тамашалаңыздар.

Туындының продюсері Мұрат Бидосов, қоюшы режиссері Бақыттас Санитасов, сценарий авторы Сержан Зәкерұлы. 6 бөлімнен тұратын тарихи драмада басты рөлдерді Дархан Сүлейменов, Ергенбай Абуов, Болат Ұзақов,Мұрат Жарылқасынов, Дулыға Ақмолда, Жеңіс Қыңырбеков, Бауыржан Қаптағай, Сағындық Жұмаділ, Динара Төлепбергенова, Мәдина Оспан, Сухраб Мадумаров, Галина Қойшыбаева, Гүлзада Айтбаева, Үсіпхан Сейтімбет, Жанерке Дүйсембиева, Гүлжәмилә Белжанова, Жасұлан Ертайұлы, Бақдәулет Шаймахан, Айдар Асарбай, Әлиасқар Ахмет және т.б. актерлар сомдайды.

Соңғы жаңалықтар