Мүгедектікті сырттай белгілеу жобасы 6 өңірде іске қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы мүгедектігі бар адамдарға берілетін әлеуметтік төлемдерге және оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін ұсынуға 486 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы министрлік мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауды жақсартуға бағытталған нормалары бар заң жобасын әзірледі. Атап айтқанда, мүгедектік себебіне қарамастан I топтағы мүгедектік күтіміне жәрдемақы енгізу; 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша жәрдемақы мөлшерін қайта қарай отырып бөлу; Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайына жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру; кәмелетке толған мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тұрғын үй кезегін сақтау және басқа да нормалар. Осы заң биыл қабылданады деп күтілуде, заң жобасы Мәжілісте мақұлданды», - деп атап өтті министр.

Мүгедектігі бар балаларды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шағын оңалту орталықтарын ашу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл 12 орталық ашылады, қазір оның алтауы жұмыс істеп тұр.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу рәсімі мен мерзімін оңтайландыру мақсатында біз мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. 1 шілдеден бастап жоба 6 өңірде, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында іске қосыла бастайды. Жобаны жүзеге асыру келешекте мүгедектігі бар адамдардың құзырлы мекемелерге қайта-қайта баруын және қызмет көрсетушімен тікелей байланысын болдырмауға мүмкіндік береді», – деп нақтылады Еңбек министрі.


Соңғы жаңалықтар