Мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақылар бір мезгілде берілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақылар бір мезгілде берілуі мүмкін. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта мүгедектігі бар бала ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алимент пен мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады. Алайда, ата-анасының (асыраушы) бірі немесе екеуі де қайтыс болған жағдайда, бала тек мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алады. Жәрдемақының екі түрін бір мезгілде тағайындау ата-анасынан айырылған балаларға қатысты кемсітетін норманы алып тастауға мүмкіндік береді. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мыңнан астам бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар (мөлшері 41 163 – тен 48 023 теңгеге дейін), асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны ала алады (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін)», – деп түсіндірді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім көрсетушілерге жаңа жәрдемақы түрі енгізіледі.



Соңғы жаңалықтар